Аудан әкімі кубогының иелері салтанатты түрде марапатталды

145

0

Фото: Жалағаш ауданы

Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің кубогы үшін ұйымдастырылған әуесқой футбол мен волейбол лигасының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты шарада аудан әкімі Ардақ Ибраимов жеңімпаз спортшыларды құттықтап, жеңіске жеткен командалар мен үздік ойыншыларды марапаттады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз», – деген болатын. Осы бағытта Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен, облыс әкімінің бастамасымен спорт саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Жаңа спорттық нысандар пайдалануға беріліп, халық игілігіне ұсынылуда. Өткен жылы Қызылорда қаласында Үстел теннисі орталығы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, облыс орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес 11 мың орындық Орталық стадион салынуда. Нысан жақын күндері ел игілігіне табысталады. Жыл басында аудан орталығында дәл осы дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне табысталса, таяу күндері Аққыр ауылдық округіндегі спорт кешені пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, кенттегі орталық стадион қайта жаңғыртудан өткізілетін болады.

Құрметті спортшылар! Бүгін міне 5 айға созылған аудан әкімінің кубогына арналған футбол, волейбол спорты түрлерінен өткізілген турнир өз мәресіне жетті.

Ауданымызда әуесқойлар футбол лигасы (LLF) аясында тұңғыш рет өткізілген сайысқа 10 команда, 200-ге жуық спортшы қатысса, волейбол сайысы бойынша 10 команда, 200-ден аса спортшы қатысып, бақтарын сынады. Бағы мен бабы қатар шапқан турнир жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын. Алдағы уақытта да байрақты бәсекелерде, дүбірлі додаларда еліміздің, аймағымыздың атын асқақтатуға тілектеспін», – деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.

Волейбол бәсекесінің қорытындысы бойынша І орынды №123 мектеп-лицей командасы жеңіп алса, ІІ орынға Достар командасы лайық деп танылды. Ал, жүлделі ІІІ орынды Еңбек және Бұқарбай батыр командалары өзара бөлісті. Жекелеген шеберлігімен көзге түскен ойыншылар да арнайы марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Керімқұл Гүлстан мен Балхан Нүркен «Үздік ойыншы» атанса, Қаршыбек Инабат пен Уржанов Ерболат «Үздік қорғаушы» номинациясын иеленді. Сонымен қатар, Ермак Қанат «Үздік шабуылшы» атанып, Боқанов Ерлан «Үздік үйлестіруші» ретінде танылды. Ал Абилканов Асылбекке «Үздік жетекші» марапаты берілді.

Футбол додасының нәтижесі де жоғары деңгейде өтті. Бұл спорт түрінен І орынды Иса Ата командасы иеленсе, ІІ орын Наркескен командасына бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды Ақсу және Адия командалары өзара бөлісті. Турнир барысында ерекше ойын өрнегімен көзге түскен футболшылар да арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда, Бөрібайұлы Нұрдаулет «Үздік қақпашы», Бақытжанұлы Зейілхан «Үздік шабуылшы», Ергешов Асқар «Үздік ойыншы», Ашухан Ақмейір «Үздік сұрмерген», Асылбекұлы Дінислам «Үздік қорғаушы», ал Ахметов Айдос «Үздік жетекші» атағына лайық деп танылды.

Жеңімпаз командалар мен үздік ойыншылар аудан әкімінің алғыс хатымен, медальдармен және аудан әкімінің кубогымен марапатталды.

Салтанатты шара соңы жергілікті өнерпаздар мен спортшылардың концерттік бағдарламасымен жалғасып, салтанатты шара көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі