Аудан әкімі метан газ станциясы құрылысының барысын бағамдады

5

0

Фото: Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі бойында орналасқан, Шиелі ауданындағы алғашқы автомобильдерге арналған метан газын толтыратын компрессорлық станция кешенінің құрылыс барысымен танысты.

Аталған заманауи нысанның құрылысын «Эко Энерджи Плюс» ЖШС жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны – 1 млрд теңге. Кешенде ауыр жүк көліктері (фуралар) және жеңіл автокөліктер үшін метан газын толтыру қызметі қарастырылған. Сонымен қатар, дүкен, жолаушыларға арналған тамақтану орны, автотұрақ, барлық санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасалған. Бұл – халықаралық және өңірлік бағытта қатынайтын жүргізушілер мен жолаушыларға ыңғайлы әрі қауіпсіз инфрақұрылым болып табылады.

Аудан басшысы Айтбай Жандарбеков жобаның маңыздылығына арнайы тоқталып, көлік логистикасын дамыту мен жол бойындағы сапалы сервистік инфрақұрылым қалыптастыру, аудан экономикасын ілгерілетудің маңызды тетігі екенін атап өтті. Мұндай заманауи кешендер транзиттік әлеуетті арттырып қана қоймай, ауданның инвестициялық тартымдылығын жоғарылатып, кәсіпкерліктің өркендеуіне жол ашады деді. Сонымен қатар, жоба арқылы тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуы, әлеуметтік-экономикалық дамудың нақты көрсеткіші екенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, аудан әкімі құрылыс жұмыстары белгіленген талаптарға сай, сапалы әрі мерзімінде аяқталуы тиіс екенін қатаң ескертіп, бұл нысан тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі