Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы қаласына барып, ондағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Атап айтқанда, аудан басшысы «Даму» инклюзивті білім беру орталығының жұмысымен, №18 Қазалы ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің стадионының және аталған мектептің жалға алынған спорт кешенімен, «Шипагер» емханасы, «Нұралы» мешіті, сондай-ақ Қазалы қаласының жастар ресурстық орталығының (Ғанибай үйі) тыныс-тіршілігімен танысты.
Нысандарды аралау барысында аудан әкімі «Даму» инклюзивті орталықтағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс сапасын одан әрі жетілдіру керектігін айтып, бұған байланысты орталыққа барлық талаптарға сай, арнайы ғимарат салу үшін Қазалы қаласынан жер беріп, кәсіпкерге қолдау көрсететінін жеткізді. Ал, спорт мектебінің жалға алынған кешеніне қажетті бокс қолғаптары, спорттық киім үлгілері және өзге де құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге материалдық-техникалық көмек көрсетілетіндігін айтты.
Сондай-ақ, аудан әкімі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына қарасты «Шипагер» емханасының қызметімен танысып, тұрғындарға көрсетіліп жатқан медициналық қызметтің жай-күйін көрді. 1993 жылы пайдалануға берілген амбулатория ғимараты күніне 150 келушіге дейін қабылдай алады. Ғимарат 2020 жылы толықтай күрделі жөндеуден өткен.
Аудан басшысы Қазалы қаласын аралау барысында қаладағы 111 жылдық тарихы бар республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіш – Нұралы мешітінің де тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл мешітті «Қазпроектреставрация» институты 1984 жылы есепке алып, құжаттарын дайындаған. Аталған мешітті осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын, нақтырақ айтсақ 1915 жылы сарт (тәжік) саудагері Мүрәлім Меркемалов қыш керпіштен салдырған. Ғимарат 1937 жылға дейін мешіт болып жұмыс істеді. Кейін ғимаратта спорт мектебі, емхана, дәріхана орналасып, ел игілігіне қызмет етті. Тарихи ғимаратқа 1990 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан жылдары, яғни 1991 жылы қайтадан мешіт болып ашылды. Бұл күнде ғасырдан астам тарихы бар имандылық үйі Қазалы қаласы жұртшылығының игілігіне қызмет етуде.
Аудан әкімі Қазалы қаласының жастар ресурстық орталығының да жұмысымен танысып, орталықта өткізілетін іс-шаралар мен жастарға көрсетілетін қызметтер барысын көрді. Қала жастары үшін қызмет жасап тұрған бұл орталық республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіш – Ғанибай мешітінің ғимаратында ораналасқан.
Қазалы ауданы әкімдігі






