Аудан әкімі референдумға дайындық жұмыстарын пысықтады

5

0

Фото: Шиелі ауданы әкімдігі

Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тиісті сала басшыларымен бірге алдағы 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға дайындық барысын зерделеу мақсатында Шиелі кентіндегі 14 референдум учаскесін аралады.

Аралау барысында аудан басшысы учаскелер орналасқан ғимараттардың ішкі және сыртқы жай-күйіне, жылу жүйесі мен электр жарығының тұрақтылығына, санитарлық тазалығына, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділік жағдайына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, дауыс беру кабиналарының талапқа сай орналастырылуы, ақпараттық бұрыштардың жасақталуы, бақылаушылар мен комиссия мүшелеріне арналған орындардың дайындық деңгейі де қаралды.

Аудан әкімі жауапты сала басшыларына анықталған кемшіліктерді уақытылы түзетіп, барлық ұйымдастыру шараларын заң талаптарына сәйкес әрі сапалы орындауды тапсырды. «Референдум – ел өміріндегі маңызды саяси науқан. Сондықтан әрбір учаскеде тәртіп, ашықтық және қолайлы жағдай толық қамтамасыз етілуі тиіс», – деді аудан басшысы.

Айта кету керек, Шиелі ауданында барлығы 40 сайлау учаскесі жұмыс істейді. 15 наурыз күні өтетін референдумға 49 167 дауыс беруші қатысады деп күтілуде. Қазіргі таңда аудандағы барлық учаскелерде дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі