Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев «Қызылдихан», «БАҚ» және «Нұрбек» шаруа қожалықтарының «Алтын дән» іс-шарасына қатысып, еңбек адамдарын Жаңа жылмен құттықтады.
– Жыл сайын сырдариялық диқандар күріштен мол өнім жинап, рекордтық көрсеткішті бағындырып келеді. Міне, биыл да ел қамбасын алтын дәнге толтырған аудан диқандары сенім үдесінен шығып, егінді ысырапсыз жинап алды. Биыл жыл басында өңірде су тапшылығына байланысты егін көлемін 50 пайызға дейін қысқарту жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігінен ұсыныс келген болатын. Алайда, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Президентке, Үкіметке облыстың күріш егумен ғана айналысатынын жеткізіп, мемлекетаралық жұмыстардың жүруіне ықпал етті. Соның нәтижесінде, биылғы егін науқанында су тапшылығы орын алмай, егін көлемі қысқарған жоқ. Егінге қажетті су жеткізіліп, диқандардың мол өнім алуына барлық жағдай жасалды. Биыл ауданда 34 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды.
Оның ішінде, негізгі дақыл – күріш 21 мың гектар жерге егіліп, әр гектарынан 60 центнерден өнім алынды. Аудан бойынша барлығы 131 мың тонна астық қамбаға құйылды. Осы жұмыстарға «Қызылдихан», «БАҚ» және «Нұрбек» шаруа қожалықтарының еңбеккерлері үлкен үлес қосты. Биыл шаруашылықтар 1800 гектар жерге Сыр дақылын егіп, 11 мың тонна астық жиналды. Бұл – Сіздердің күндіз-түні атқарған еңбектеріңіздің нәтижесі, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мұнан соң облыстық мәслихат депутаты, инвестор Бағдәулет Махашев, «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев сөз сөйлеп, атқарылып жатқан жұмыстарды айтып, еңбеккерлерге ризашылығын жеткізді.
Салтанатты іс-шарада «Қызылдихан» шаруа қожалығының 4 қызметкеріне баспана кілті және «Қызылдихан», «БАҚ» және «Нұрбек» шаруа қожалықтарының еңбек адамдарына 4 автокөлік кілті табыс етілді. Сондай-ақ, «Қызылдихан» шаруа қожалығының механизаторы Абдулла Жаманқызға 60 жас мерейтойына «Құттықтау» табыс етілді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<