Аудан әкімі Ардақ Ибраимов шетелдік «Yuan Rui Da» корпорациясының басшылық құрамымен кездесті.
Кездесу барысында компания өкілдері 100 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаларын таныстырып, оны Жалағаш ауданы аумағында жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Инвесторлар майнинг саласы мен электронды жабдықтар өндірісі бойынша жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін білдірді. Сонымен қатар, жоба аясында жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Кездесу барысында инвестициялық жобаның тиімділігі, жобаны іске асыру үшін қажетті инженерлік инфрақұрылым, атап айтқанда коммуналдық газ желісімен қамтамасыз ету, кәсіпорын салуға жер телімдерін белгілеу мәселелері сөз болды.
«Біз ауданның әлеуетін арттыратын, халықты жұмыспен қамтитын әрбір инвестициялық жобаны қолдауға дайынбыз. Заң аясында барлық қажетті сүйемелдеу және қолдау шаралары жүйелі түрде жүргізілетін болады» – деді А.Ибраимов.
Кездесу қорытындысымен тараптар алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты дамытуға ниетті екендерін білдірді.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі






