Бірер күннен соң Шиелі ауданында ауыл спортшыларының 36-шы облыстық «Алтын күз – 2023» спартакиадасы өтеді.
Соған сәйкес бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Жалаңтөс Баһадүр атындағы орталық стадионда аудан намысын қорғайтын спортшылармен кездесіп, сәттілік тіледі.
– Былтырғы жылы ауданымызда өткен «Алтын күз – 2022» ойындарында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, бірінші орынға ие болдыңыздар. Бұл жолы да сіздерге артылатын жүк жеңіл болмайды. Тұтас аудан халқы сіздерге сенім артып отыр. Мен сіздерден осы жолы да сондай нәтиже күтемін және соны талап етемін. Оның үстіне биыл Қазалы ауданының құрылғанына – 95 жыл толып отыр. Ал, осындай даталы мерекеден аудан спортшылары да құр қалмай, 95 жылдыққа тамаша тарту жасайды деп сенемін.
1000-нан аса спортшы бас қосатын аламанда лайықты өнер көрсетіп, қоржындарыңыз құр қайтпайды деп ойлаймын.
Бастысы, сабырлық танытып, мәдениетімізді көрсетіңіздер, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Мұнан соң гір көтеруден Азия ойындарының жеңімпазы, жаттықтырушы Қали Рүстемов сөз сөйлеп, спортшылармен арнайы кездесіп, ақ жол тілеп жатқан аудан басшысына ризашылығын жеткізді. Сол секілді тоғызқұмалақтан аудан құрамасының мүшесі, спорт шебері Ұлдана Махамбетамин де алғысын айтты.
Кездесуде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев 5 күнге созылатын жарысқа 16 спорт түрінен баратын жерлестерге қолайлы жағдай жасалу қажеттігін айтты.
Жеңіл атлетикадан аудан құрамасының жаттықтырушысы Мейрамбек Қарабалаев спортшыларға батасын беріп, бәсекеде алдыңғы қатардан көрінуіне тілектестігін білдірді.
Айта кетейік, Шиелі ауданында өтетін аламан додаға Қазалы ауданынан 18 жаттықтырушы, 5 төреші және 141 спортшы қатысады.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<