Аудан әкімі спорт инфрақұрылымы құрылысының барысын бағалады

6

0

Фото: Шиелі ауданы әкімдігі

Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудандық мәслихат төрағасы, аудан ардагерлері және тиісті сала басшыларымен бірге Шиелі кенті, Абай көшесінде орналасқан спорт кешенінің күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Аталған нысанның құрылыс жұмыстарын «СК ЛИРА» ЖШС жүргізуде. Жобаның жалпы құны 249 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда спорт кешенінде ішкі әрлеу жұмыстары, инженерлік желілерді жаңарту, сондай-ақ шатыр жабындысын толықтай ауыстыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Нысанды аралау барысында аудан әкімі құрылыс сапасына ерекше назар аударып, жауапты мердігер мекемеге барлық жұмыстарды талапқа сай әрі белгіленген мерзімде аяқтауды қатаң тапсырды. Сонымен қатар, қауіпсіздік талаптарының сақталуы мен құрылыс материалдарының сапасына тұрақты бақылау жүргізу қажеттігін атап өтті.

Айта кетейік, ауданда бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – Жөлек ауылдық округінде салынып жатқан жаңа спорт кешені. Аталған жобаны «Интегрострой» ЖШС жүзеге асыруда. Қазіргі таңда нысанда негізгі құрылыс кезеңдері жоспарға сәйкес жүргізіліп, іргетасын қалау, қаңқасын тұрғызу секілді құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жалғасуда.

Жаңа нысандар пайдалануға берілген жағдайда тұрғындардың спортпен жүйелі түрде айналысуына қолайлы жағдай жасалып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң әсерін тигізеді.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі