Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов «Жастар форумы-2025» шарасы аясында аудан жастарымен жылды қорытындылауға арналған еркін форматтағы ашық кездесу өткізді. Кездесу басталмас бұрын аудан әкімі мен қонақтар жас кәсіпкерлердің қолдан жасалған бұйымдарынан, кондитерлік өнімдерінен жасалған көрмелерін және жасанды интелект бойынша әзірлеген жобаларын тамашалады.
Руханият орталығында өткен кездесуге аудан басшысымен бірге аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры, халықаралық, республикалық «Жайдарман» ойындарының жеңімпазы Әліби Басаров және жерлесіміз, жас ақын, «Күміс қалам-2025» республикалық жазба ақындары дуэлінің жеңімпазы Ақжол Түменбай мен дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.
Бұл басқосу – аудандағы әрбір салада жетістікке жетіп, оқуда озат атанып жүрген жалынды жастардың ой-пікірі тыңдалып, жаңа ұсыныстары талқыланып, ортақ мәселелердің шешімін бірге қарастыруға арналған маңызды жиын болды. Кездесуде жастар әлеуметтік, мәдени, спорттық жобалар мен басқа да жастардың бастамалары талқыланып, алдағы жылға арналған жоспарлар жайында пікір алмасты.
– Жастар – елдің ертеңі. Еліміз ертеден мемлекет келешегінің кемел, болашағының жарқын болуын үнемі жастармен байланыстырады. Осы орайда «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін», – деп қазақ зиялыларының арасында жастардың айбаты мен қайратына Мағжан Жұмабаев осылай баға берген еді. Міне, ғасырлар бұрын бабалар айтқан насихат әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпады. Бұл ұлағатты сөз бүгінде әрбір жастың жүрегіне нұр сеуіп, кеудесіне үміт сәулесін ұялатады. Бүгінгі кездесу арқылы сіздердің ой-ниеттеріңізді тыңдап, идеяларыңызды қолдауға дайын екенімізді білдіреміз. Алдағы уақытта да әрбір салада жастар үшін жаңа мүмкіндіктер қарастырып, сіздермен тығыз байланыста жұмыс істеуді жалғастырамыз, – деді кездесуде Алмасбек Әбілқасымұлы.
Жиын барысында аудан басшысы жастарды жұмыспен қамту, олардың бос уақыттарын тиімді өткізу бағытында арнайы шараларды қолға алу, жастардың тың идеяларын жүзеге асыру мақсатында оларға қолайлы жағдай жасау және еліміздің жарқын болашағы саналатын жастарға жан-жақты қолдау көрсетуге қатысты тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әлмамбетұлы мен кездесуге арнайы қатысқан қонақтарда аудан жастарына өздерінің тарапынан тиісті қолдаулар көрсетілетіндігін жеткізді.
Кездесуде жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жасанды Интеллект-Болашақ кілті» жобалар байқауында үздік нәтиже көрсетіп, облыстық кезеңге жолдама алған 10 жас қатысушы аудан әкімінің «Алғыс хатымен» және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқу ақысына 25%, 50% пайыздық жеңілдікпен оқуға мүмкіндік алған жастар арнайы білімдік жеңілдіктер сертификаттарымен марапатталды. Ал, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 4 жыл бойы тегін оқуға толық гранттың иегері атанған Абай атындағы №90 орта мектептің 11 сынып оқушысы Меңдуахас Нұржанға университеттің толық оқу гранты сертификаты табысталды.
Шара соңында жастар аудан әкімі мен кездесуге арнайы келген қонақтармен естелік суретке түсті.






