Аудан әкімі жұмыс сапарымен Сексеуіл, Қосаман және Ақеспе ауылдарында болды

7

0

Фото: Арал ауданы

Кеше аудан әкімі кезекті жұмыс сапарымен Сексеуіл кентіне барып, жаңадан салынатын 100 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебінің құрылыс жұмыстарының басталуымен танысты.

«Қазақстан Темір Жолы» АҚ-ның тікелей қолдауымен бой көтеретін бұл рухани нысан алдағы уақытта ауыл балаларының өнерге деген қызығушылығын арттырып, руханияттың алтын бесігіне айналмақ. Ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалыққа айналған мәдени нысанның құрылыс алаңына жергілікті халық арнайы жиналып, игі бастаманы жақсылыққа балап, құрбандық шалды.

Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы тұрғындардың қуанышына ортақтасып, құрылыс жұмыстарын жүргізетін «Иман» ЖШС өкілдерімен кездесіп, жобаны белгіленген мерзімде сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Жоспар бойынша нысан осы жылдың күзіне дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Одан кейін аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жұмыс сапарын Қосаман ауылында жалғастырып, №68 орта мектеп ғимаратында ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, алдағы жоспарлар мен жобалар таныстырылды.

Аудан басшысы өңірде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына және аймақ басшысының қолдауымен қолға алынған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешу бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан жол қатынасы, ауылішілік ауыз су желісін жаңғырту, газдандыру және балабақша ашу сынды өзекті мәселелер көтерілді. Аудан әкімі барлық ұсыныс-пікірлердің назарға алынатынын және олар бойынша нақты жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

Жұмыс сапары Ақеспе ауылында жалғасты. Мұнда аудан әкімі жергілікті тұрғындармен жүздесіп, өткен жылы аудан көлемінде атқарылған бірқатар маңызды жұмыстарды атап өтті және алдағы міндеттермен бөлісті. Ауыл тұрғындары өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, бірқатар мәселелерді көтерді.

Аудан басшысы көтерілген барлық мәселелер назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, оларды кезең-кезеңімен шешу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

Кездесу барысында аудан прокуроры Д.Әбіш қазіргі таңда жиі орын алатын интернет алаяқтық, мал ұрлығына қатысты сақтық шараларын сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі