Кеше аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Арал қаласында жаңадан ашылған Руханият орталығында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай журналистика саласының ардагерлері мен жергілікті басылымда қызмет жасап жүрген шығармашыл қауыммен кездесіп, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Қадірлі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері және сала ардагерлері! Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңіз – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтаймын! Журналист болу – халыққа қызмет ету. Сондықтан да журналистика саласына артылар міндет пен жүк жеңіл емес. Ойы жүйрік, қаламы ұшқыр қауымның қазанында қайнап шыққан менің де бұл саладан шетқақпай қалған кезім жоқ. Сондықтан қай уақытта болмасын жазудан жалықпаған жандарды мен ерекше құрметтеймін! Сіздер ақпарат айдынында заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында абыройлы қызмет атқарып келесіздер. Осы бағыттағы жұмыстарыңыз еселеніп, табысты да жемісті еңбектеріңіз еленіп, алдағы мақсаттарға жету жолындағы жаңа биіктер мен шыңдардан көрінулеріңізге тілектеспін, – деді аудан әкімі.

Мерекелік басқосуда бір топ сала ардагерлері мен журналистер қауымына аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Еркін форматта өткен жүздесуде ардагер журналистер Жұмабай Жақып пен Ерғали Абдулла осындай кездесу өткізіп, мереке қарсаңында құрмет көрсеткен аудан басшысына алғысын айтып, ақжарма тілектерін арнады.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі






