Бүгін Оқушылар үйінде аудан әкімінің балаларға арналған Жаңа жылдық шыршасы өтті.
Мерекелік шараға әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, ерекше қажеттіліктері бар жеткіншектер, сондай-ақ білім, өнер және спорт салаларында жетістікке жеткен дарынды оқушылар қатысты.
Іс-шара Оқушылар үйінің өнерпаздары дайындаған жаңа жылдық қойылыммен басталды. Балалар ертегі кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақарды қуана қарсы алып, өз өнерлерін көрсетті. Қатысушылар тәтті сыйлықтарға ие болып, мерекелік көңіл күйге бөленді. Ертегі кейіпкерлері мен жаңа жылдық көріністер шараның шырайын арттырып, балаларға ерекше әсер сыйлады.
Аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов аудан әкімінің атынан бүлдіршіндерді Жаңа жылмен құттықтап, оларға арнайы сыйлықтар табыстады.
Мерекелік кеш одан әрі ән мен биге ұласып, көтеріңкі көңіл-күймен жалғасты.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі






