Аудан әкімінің балаларға арналған жаңа жылдық шыршасы өтті

4

0

Фото: Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Кеше Шиелі ауданында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың қатысуымен балаларға арналған дәстүрлі Жаңа жылдық шырша мерекесі өтті.

Мерекелік шараға аудан мектептерінен іріктеліп жиналған оқушылар қатысып, аудан басшысымен бірге жасыл шыршаның шамын жағып, Жаңа жылды шаттықпен қарсы алды.

Шара барысында аудан әкімі бүлдіршіндерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, өтіп бара жатқан жылдың аудан үшін де, жас ұрпақ үшін де табысты әрі берекелі болғанын атап өтті.

– «Жаңа жылды қарсы алу – жаңа армандармен қауышу. Сондықтан келер жылы алға қойған мақсаттарыңызға жетіп, ата-аналарыңызды қуантып, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар. Баршаңызға жаңа жылан жылында бақыт, зор денсаулық, үздік оқу мен толағай табыс тілеймін. Әрдайым биік шыңдардан көрініп, ауданымыздың абыройын асқақтата беріңіздер» – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, мерекелік кеш барысында Айтбай Жандарбеков оқушыларға арнайы дайындалған жаңа жылдық сыйлықтарды табыс етіп, бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлады.

Аудан әкімінің балаларға арналған жаңа жылдық шыршасы өтті

Бұдан кейін Аяз ата мен Ақшақарды қарсы алған өнерлі құлыншақтар ән-жырдан шашу шашып, әсем билерін билеп, түрлі қойылымдар ұсынды. Балалардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл күйі мерекенің сәнін кіргізіп, нағыз жаңа жылдық атмосфера қалыптастырды.

Жасыл шырша маңына жиналған ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетіп, бүлдіршіндерге ұмытылмас әсерге бөлеп,балалар жаңа жылды зор қуанышпен қарсы алды.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі