Бүгін Сырдария ауданы әкімінің балаларға арналған Жаңа жылдық шыршасы өтті. Мерекелік іс-шараға 200-ден аса оқушы қатысты.
Балалардың қуанышына ортақтасқан аудан әкімі Берік Сәрменбаев бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Жаңа жыл – тілектер орындалатын, жаңа арманға жетелейтін ерекше мереке. Жаңа 2025 жыл – Сіздер үшін жақсы өзгерістерге, жағымды оқиғаларға, қуанышты күндерге толы жыл болсын! Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен облысымызда балаларымыздың білімді, тәрбиелі болуына үлкен жобалар қолға алынды. Аймағымызда физика-математика бағытындағы мектеп-интернаты, «Шығармашылық инновациялық орталығының», музыкалық колледждің құрылысы жүргізілуде. Ел Президентінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында облыс орталығында 900 орындық білім беру ғимаратын табысталды. Биыл Қызылорда қаласында Оқушылар сарайы ашылды. Осындай игі істердің барлығы Өздеріңіздей жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалуда. Аймақ басшысы үнемі оқушыларымыздың сапалы білім алуымен қатар, шығармашылық бағытында бос уақыттарын тиімді пайдалану керектігін айтып келеді. Осы бағытта «Адал адам» мәдени-тәрбие орталықтарында және мектеп қабырағаларында түрлі бағыттағы үйірмелердің үздіксіз қызмет жасауын талап етуде. Осындай мүмкіндіктерді ата-аналар дұрыс пайдаланып, өз балаларын жетілдіріп отыруға атсалысады деген сенімдемін. Биыл ауданда көптеген оқушы түрлі бағыттағы байқауларда жеңімпаз атанды. Бұл – аудан үшін үлкен жетістік. Алдағы жылы да оқушыларымыз сапалы білім алып, аудан мерейін үстем ететініне сенемін. Сіздер ұлтын сүйетін, Отанын қорғайтын, ата-ананы сыйлайтын білімді азаматқа лайық болуларыңыз керек! Жаңа жылда аңсаған армандарыңыз орындалсын, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Шыршаға келген балалар өнерлерін көрсетіп, театрландырылған қойылым тамашалады және естелік сыйлықтар алды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<