Актив отырысында аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі басшысы қызметін абыроймен атқарып келген Еркен Жантуғановты жаңа қызметімен құттықтап, аудандағы нәтижелі еңбегі үшін алғыс білдірді.
«Еркен Ертуғанұлы, өзіңізге жүктелген міндеттерді жоғары жауапкершілікпен атқарып, ауданымыздың спорт саласын ілгерілетуге айрықша үлес қостыңыз. Ауданда дене тәрбиесі, спорт және туризм саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етіп, спорттық қозғалысты, салауатты өмір салты қағидаттарын насихаттау және халықтың әртүрлі топтары арасында осы салаларды дамыту бойынша жұмыстарды жүйелі ұйымдастырдыңыз. Тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мен бұқаралық спортты дамыту бағытында аянбай еңбек еттіңіз. Атқарған жемісті жұмысыңызға ризашылық білдіре отырып, жаңа қызметіңізге сәттілік тілеймін!», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.
Жиын барысында аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов сөз сөйлеп, Е.Жантуғановты жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтады.
Аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі басшысы қызметін абыроймен атқарған Жантуғанов Еркен Ертуғанұлы Қызылорда қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды. Ол аудан спортының дамуына елеулі үлес қосты. Биыл аудан спортшылары әлемдік, Азия чемпионаттары мен облыстық жарыстарда түрлі деңгейдегі 160 медаль жеңіп алып, жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Ауданымызда халықаралық дәрежедегі спорт шебері – 1, І разрядты спортшы – 10, спорт шеберіне үміткерлер саны – 9-ға жетті.
Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында аудан орталығында денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. «Қазақстан халқына» қоры арқылы Аққыр елді мекенінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, Қазақстан футбол федерациясымен әріптестік байланыс орнатылып, екіжақты меморандумға қол қойылды. Осы ретте «ALAN» жобасы аясында орталық стадионның жасанды жасыл алаңы қайта жаңғыртылуда.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің жүлдесіне арналған мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық спартакиадада аудан құрамасы жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2025» облыстық сайысында аудан командасы жалпы есепте жүлделі ІІ орын иеленді. Нәтижесінде ауданның бірқатар спортшылары Қызылорда облысының құрамасына алынып, республикалық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алды.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі






