Аудан орталығында «Отбасын қолдау» орталығы жұмысын бастады

440

0

Фото: Сырдария ауданы әкімдігі

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Тереңөзек кентінде жұмысын бастаған «Отбасын қолдау» орталығының жұмысымен танысты. Аудан басшысы орталық жұмысының маңызын айқындап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отбасыларды, оның ішінде ана мен баланы әлеуметтік қолдау шарасына ерекше басымдық беріп, нақты тапсырмалар жүктеді. Осы ретте, Президент жуарда ғана ана мен бала құқығын қорғау жүйесін жетілдіру үшін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты күшейтілген заңға қол қойды. Бүгінде біздің алдымызда отбасы институтын дамыту міндеті тұр. Ол үшін еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды адал азаматқа тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеудің жаңа сапасын қалыптастыру керекпіз. Жанұяда отбасылық құндылықтар сақталуы тиіс. Осы бағытта Сыр өңірінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен облыс орталығында «Отбасы», «Анаға тағзым» орталықтары ашылды. Жақында ғана аудан орталығында ұлттық құндылықтар дәріптелетін «Руханият» орталығының кірпіші қаланды. Міне, осындай игі істердің жалғасы ретінде бүгін «Отбасын қолдау» орталығы жұмысын бастады. Орталық жұмысының негізгі мақсаты – әлеуметтік жағынан осал отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың экономикалық дербестігіне және азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына қолдау көрсету, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Орталық жұмысымен танысқан аудан ардагерлері қазіргі таңда осындай орталықтардың қоғамда қажеттілігі барын атап, аналар мен балаларға қолдау көрсетіліп жатқанына ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, «Отбасын қолдау» орталығында барлығы 7 қызметкер жұмыс істейді. Орталық қызмет алушыларына қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда балалар ойын бөлмесі, психологиялық, медициналық көмек көрсететін мамандар кабинеттері бар. Сондай-ақ, жатын бөлмесіне өмірлік қиын жағдайға тап болған және зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдар уақытша орналастырылады. Орталықта медициналық, құқықтық, әлеуметтік, психологиялық кеңестер беріледі.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<