Бүгін аудан әкімінің орынбасары Ш.Есжановтың төрағалығымен маңызды жиын өтті. Мәжілісте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін бірқатар өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында алдымен 2025–2026 жылдардағы жылу беру маусымының қорытындысы сараланды. Атап өтілгендей, ағымдағы жылыту маусымы тұрақты әрі жүйелі түрде өтіп, аудан аумағында ірі ақаулар тіркелген жоқ. Коммуналдық мекемелер штаттық режимде жұмыс жасап, тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету ісі толық деңгейде орындалды. Бұл бағыттағы үйлесімді жұмыстың нәтижесінде аудан халқы қыс мезгілін қиындықсыз өткерді. Жиын төрағасы осы іске үлес қосқан барлық сала мамандарына алғыс білдірді.
Сонымен қатар, алдағы 2026–2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын уақытылы бастау қажеттігі атап өтілді. Әлеуметтік нысандарды жаңа маусымға әзірлеу басты назарда болмақ. Нақты тапсырмаларға сәйкес, барлық әлеуметтік мекемелер қыркүйек айына дейін толық дайын болуы тиіс, ал білім беру ұйымдарының дайындығы тамыз айының соңына дейін аяқталуы қажет. Сала басшылары мен елді мекен әкімдеріне бұл жұмыстарды күнделікті бақылауда ұстау жүктелді.
Сондай-ақ, ғимараттардың санитарлық тазалығы мен аумақтарды көгалдандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігі ескертілді.
Мәжілісте электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі де кеңінен қозғалды. Тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында желілер мен қондырғыларды жаңғырту жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Бұл бағыттағы жұмыстардың тиімді жүзеге асуы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.
Ауыз су мәселесі де күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі болды. Мемлекет басшысының халықты 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасы аясында аудан көлемінде бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Абай елді мекенін орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу және «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының екінші желісінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жауапты тұлғаларға аталған жобалардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауға алу тапсырылды.
Жиында көтерілген барлық мәселелер ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды міндеттер екені атап өтіліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны жеткізілді.
Арал ауданы әкімдігі






