Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы Оңғарбаевтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтті. Жиын барысында Үкімет отырысында көтерілген сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, суды үнемдеу, сондай-ақ цифрлық технологияларды енгізу мәселелері жан-жақты талқыланып, аталған бағыттар бойынша бірқатар нақты міндеттер айқындалды.
Мәжілісте аудан тұрғындарын тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығы қашанда жоғары екені атап өтілді. Ағымдағы жылы Ақбасты, Тоқабай және Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендері орталықтандырылған таза ауыз су жүйесіне қосылып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік жасалды.
Аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Құдайберген баяндама жасады. Баяндамасында саладағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары кеңінен қамтылды.
Мәжіліс барысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы аталған саладағы жұмыстардың әлі де жеткіліксіз деңгейде жүргізіліп жатқанын атап өтіп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Әсіресе Абай ауылында ауыз су жүйесіне қосу жұмыстарының тиісті деңгейде жүзеге асырылмай отырғанына назар аударып, ауыз сумен қамту жобаларының белгіленген мерзімде және сапалы аяқталуын жеке бақылауына алатынын жеткізді. Сонымен қатар Арал қаласындағы «Бурабай» су ұңғымасының құбырларын ретке келтіру жөнінде жауаптыларға тапсырма берілді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы саладағы өзге де кемшіліктерді жан-жақты зерделеп, оларды жою бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтіп, тапсырмалардың уақытылы орындалуы бақылауда болатынын ескертті.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі






