Кеше Руханият орталығында Арал аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті ХІІІ конференциясы өтті. Жиынға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы қатысты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, балық шаруашылығы саласының ардагері Әділбек Әйімбетов жиынды жүргізді.
Конференцияның негізгі мақсаты Арал аудандық ардагерлер ұйымының атқарған жұмыстары, бастауыш ардагерлер ұйымы Кеңесінің құрамын және облыстық ардагерлер ұйымының кезекті конференциясына делегат сайлау.
Басқосу барысында алдымен кеңес төрағасы ардагерлер ұйымының 2021-2025 жылдары атқарған жұмыстары жөнінде есептік баяндама жасады.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің тексеру комиссиясының есебі тыңдалып, бұл жөнінде комиссия төрағасы Рысқали Маханов хабарлады.
Жиында аудандық ардагерлер ұйымының Пленум, Алқа және басқарушы органдарының жаңа мүшелері сайланды. Сонымен қатар тексеру комиссиясының төрағалығына зейнеткер, әлеуметтік сала ардагері Мұрат Жанаев сайланды.
Көпшілік дауысымен Арал аудандық ардагерлер ұйымынан облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті конференциясына делегаттар да бекітілді.
Алқа мүшелерінің көпшілік дауысымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып балық шаруашылығы саласының ардагері, Арал ауданының Құрметті азаматы Әділбек Ізбасарұлы Әйімбетов қайта сайланды.
Конференцияда облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері, Қызылорда қаласы мен Жаңақорған, Қазалы және Арал аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Нажмадин Мұсабаев сөз сөйлеп, жиын жұмысына сәттілік тіледі. Ол бірқатар ардагерге облыстық ардагерлер кеңесінің «Облыстың Құрметті ардагері» медалін, Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.
Іс-шарада аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев ардагерлерге ізгі тілегін білдіріп, ауданда жыл көлемінде атқарылған негізгі жұмыстарға қысқаша тоқталды. Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Әйімбетовті 80 жас мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.
Жиын барысында әр салада ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Осылайша аудандық ардагерлер кеңесінің ХІІІ конференциясы жаңа құрамды сайлаумен қорытындыланды.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі






