Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен өткен кадрлық өзгерістерге байланысты мәжілісте аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалған Бағлан Мейрамбекұлы таныстырылды.
Аудан әкімі ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысына сәттілік тілеп, бірқатар тапсырма жүктеді.
– Ауданда ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру, жер қатынастарын жүйелеу және мемлекеттік бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру бағытындағы жұмыстардың орындалуын қамтамасыз ету маңызды. Шаруаларға қолдау көрсетіп, саланың дамуына тың серпін беру қажет. Су тапшылығына байланысты ауыл шаруашылығы саласын әртараптындыруға басымдық берілуі керек. Бағлан Мейрамбекұлы өз тәжірибесі мен біліктілігін пайдаланып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізеді деп сенемін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Бағлан Мейрамбекұлы Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін көлік, көлік техникасы және технологиялары мамандығы бойынша және Тараз мемлекеттік университетін мелиорация, жерді баптау және қорғау мамандығы бойынша жоғары білім алған. Еңбек жолын 2010 жылы «СМ Пласт Сервис» серіктестігінде технолог көмекшісі болып бастаған. Әр жылдары Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінде инспектор, бас маман, бөлім басшысы қызметтерін атқарды.2022 жылдан бүгінгі күнге дейін бөлімде сектор меңгерушісі қызметін атқарды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі






