Аудандық мәслихаттың ХXІХ сессиясы өтті

104

0

Фото: Сырдария ауданы

Бүгін аудандық мәслихаттың ХXІХ сессиясы өтіп, күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Кезекті сессияға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, депутаттар, дербес бөлім басшылары, кент және ауыл әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Сессияда аудан басшысы облыстың және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Үкіметтің және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың ерекше қолдауының нәтижесінде бүгінгі күні облыстың бюджеті 750 млрд. теңгеге жетті. Осыдан екі жарым жыл бұрын аймақ бюджеті 364 млрд. теңге болатын. Өсім 206 пайызды құрады. Президенттің тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығының құрылысы салынуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда облысында құны 800 млрд. теңгені құрайтын қуаттылығы 1100 мегаваттық жаңа бу газ қондырғыларының құрылысы жоспарлануда. Жаңа бу газ қондырғылары Қызылорда облысының Ұлытау облысына шығаберіс, яғни Сырдария ауданының аумағында салынатын болады. Бұл жұмыстарға аудан әкімдігі тарапынан 280 гектар жер аумағы бөлінді. Жоба іске асқан уақытта ауданымыздың экономикалық жағдайын көтеруге зор септігін тигізетін болады.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. Өткен жылы Сырдария ауданының бюджеті 10,6 млрд теңгені құраса, биыл аудан бюджеті 17 млрд теңгеге жуықтады. 2024 жылдың 11 айында ауданымыз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда. Ауданның өнеркәсіп орындары 90,4 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Көрсеткіш 66,9 пайызға ұлғайды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі 12,5 млрд. теңгені құрап, 9,6 пайызға өсті. Аудан экономикасына 75,8 млрд теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды. Өсім – 21,3 пайыз. Инвестиция тарту жұмыстары одан әрі жалғасын табатын болады. Есепті кезеңде 25,5 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынып, өткен жылмен салыстырғанда 12,6 пайызға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 17,2 млрд теңгені құрап, 30,9 пайызға өсті, – деді Берік Әбіғаппарұлы.

Бұдан бөлек аудан әкімі жыл көлемінде атқарылған құрылыс, жол және инфрақұрылымдық жұмыстарға да тоқталып өтті.

Кезекті сессияда аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов 2024 жылы атқарылған жұмыстардың есебін берді. Сондай-ақ, 2025-2027 жылдарға арналған аудан бюджеті нақтыланды.

Сессия барысында ауданда жастар саясатын қолдау және жақсарту шаралары қаралып, аудандық мәслихаттың 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<