Аутизмі бар балалардың мінез-құлқында қандай ерекшеліктер болады – маман жауабы

750

0

Сурет ашық дереккөзден

Дүниежүзілік аутизм туралы ақпараттандыру күні қарсаңында өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде «Асыл Мирас» аутизм орталығының мамандары аутизмі бар балалардың мінез-құлқындағы ерекшеліктер мен ол балалармен дұрыс қарым-қатынас жасау жолдарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Асыл Мирас» аутизм орталығының жетекшісі Альмира Калимованың айтуынша, аутизм (АСБ) – әлеуметтік өзара әрекеттесу мен қарым-қатынастың болмауы, қызығушылықтың тар шеңбері және мінез-құлықтың ерекшелігімен сипатталатын ауру.

«Осы жексенбі, яғни, 2 сәуір күні – аутизм мәселелерімен қандай да бір байланысы бар адамдар үшін маңызды күн. Бұл күні Дүниежүзілік аутизм туралы ақпараттандырудың күні атап өтіледі. Осыған орай, біз бүгін АСБ бар адамдар үшін, жалпы қоғам үшін қолайлы жағдай жасау туралы ойларымызды айтқымыз келеді», – деді А.Қалимова.

Оның айтуынша, ата-аналар баланың мінез-құлқындағы келесі жайттарға назар аударулары қажет:

– көзге қарамайды,

– атын атаса, қарамайды,

– бір нәрсені сұрай алмайды, көрсете алмайды,

– стереотиптік мінез-құлық көрсетеді (көбелек сияқты қолдарын бұлғайды, қабырғадан қабырғаға жүгіреді, дөңгелектерді айналдырады, заттарды бір қатарға тізеді және т.б.),

– қауіпсіздік туралы түсінігі жоқ,

– жат қылықтар көрсетеді (тістейді, өзін өзі қабырғаға соғады, басын еденге ұрады, жерге құлайды, аяғымен тарсылдатады, агрессия көрсетеді, өзінен-өзі агрессия көрсетеді).

«Асыл Мирас» орталығының клиникалық супервайзері Меруерт Ахыншаева ата-аналар мамандарға ертерек жүгініп, баламен жұмыс істей бастаса, бейімделу мен әлеуметтену мүмкіндігі соғұрлым жоғары болатынын айтты.

«Бұл мақсатта орталықта «аутизмді диагностикалаудың алтын стандарты» – ADOS-2 құралын пайдаланады. Ол бес модульден тұрады, олар баланың жасы және сөйлеу даму деңгейін тексеру үшін таңдалады. Бұл құрал бүкіл әлемде өзінің тиімділігін дәлелдеді», – деді ол.

Орталықтың мамандары АСБ бар адамдармен қарым-қатынас жасаған кезде сабырлық сақтау, баланың ата-анасына көңіл бөлу, көмек қажет-қажет емес екенін сұрау, баланың айналасындағы аумақты қауіпсіз ету, нәзік және қауіпті заттарды алып тастау, бала мен ата-анаға өзге адамдарға шамадан тыс назар аудармау қажет екенін айтты. Сондай-ақ, ата-анаға нашар тәрбие туралы ескерту жасап, ақыл-кеңес беруге, балаға қандай да бір тәттілер мен ойыншықтарды ұсынуға, балаға жақындап, оны тыныштандыруға тырысуға, балаға оны алып кететінін айтуға, айғайлауға немесе ұрсуға болмайтынын, басқалардың назарын аударып, жедел жәрдем, полиция, басқа да қызметтерді шақырудың қажеті жоқ екенін жеткізді.

Еске салсақ, бүгінгі күні әлемде, оның ішінде Қазақстанда аутизммен ауыратын балалардың саны өсіп келеді. Қазақстанда ерте жастағы аутизммен – 1052, мектеп жасына дейінгі (3 жастан 5 жасқа дейін) – 4331 бала, 6 жастан 18 жасқа дейінгі 6704 бала ауыратыны туралы бұған дейін жазғанбыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<