2025 жылы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарып, нақты нәтижелерімен ерекшеленді.
Жыл бойы бағдарлама аясында ауыл халқының табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және шағын бизнесті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Арал ауданы бойынша 2025 жылдың қаңтар айынан бастап бүгінге дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жалпы құны 341,56 млн теңгені құрайтын 53 жоба мақұлданып, толықтай қаржыландырылды.
Олардың басым бөлігі өңдеу саласына тиесілі болып, бұл бағытта 30 жобаға 205,8 млн теңге бөлінді. Аталған жобалар жергілікті жерде дайын өнім өндірісін жолға қоюға, қосымша құн қалыптастыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді игеруге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, мал шаруашылығы саласында 9 жоба жүзеге асырылып, оған 50,3 млн теңге бағытталды. Қызмет көрсету саласы да назардан тыс қалмай, бұл бағытта 11 жобаға 66,4 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, егін шаруашылығы бойынша 2 жоба 15,06 млн теңгеге, ал құс шаруашылығы саласында 1 жоба 4,0 млн теңгеге қаржыландырылды. Бұл көрсеткіштер ауыл экономикасының көпсалалы бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді.
2025 жылдың қараша айында amanatnesie.kz порталының қайта іске қосылуы ауыл кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Осы кезеңде жалпы құны 298,3 млн теңгені құрайтын 39 жоба ұсынылып, олардың ішінде өңдеу саласы бойынша 25 жоба 210,4 млн теңгеге, мал шаруашылығы саласы бойынша 6 жоба 33,0 млн теңгеге, ал қызмет көрсету саласы бойынша 8 жоба 54,9 млн теңгеге жоспарланды. Бұл кәсіпкерлердің өндіріс пен өңдеу бағытына деген қызығушылығының артқанын айқын көрсетті.
Ұсынылған жобалардың ішінен жалпы құны 164,0 млн теңгені құрайтын 24 жоба 2025 жылдың 29 желтоқсанында өткен комиссия отырысында жан-жақты қаралды. Комиссия шешімімен экономикалық тиімділігі мен тұрақтылығы жоғары деп танылған 87,7 млн теңгені құрайтын 15 жоба мақұлданды. Оның ішінде өңдеу саласы бойынша 6 жобаға 44,0 млн теңге, мал шаруашылығы саласы бойынша 5 жобаға 24,7 млн теңге, қызмет көрсету саласы бойынша 4 жобаға 19,0 млн теңге бөлінді.
Сонымен қатар, 2025 жылы үнемделген қаржы есебінен алдағы комиссия отырысында жалпы құны 134,3 млн теңгені құрайтын 15 жоба қаралатын болады. Аталған жоба пулында өңдеу саласы бойынша 13 жобаға 120,6 млн теңге, ал қызмет көрсету саласы бойынша 2 жобаға 13,7 млн теңге жоспарланып отыр.
Жалпы алғанда, 2025 жыл «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігі мен нәтижелілігін айқын көрсеткен кезең болды. Бағдарлама ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттырып, жергілікті экономиканы дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға нақты үлес қосты. Алдағы уақытта да бұл бастаманың ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін берері сөзсіз.






