Бүгінде ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту – «AMANAT» партиясының негізгі бағыттарының бірі. Осы ретте «Ауыл аманаты» жобасы көптеген азаматтарға өз ісін бастауға, оны кеңейтуге және табысын арттыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Аталған жобаның игілігін көріп отырғандардың бірі – Қызылорда облысы Арал қаласының тұрғыны Гүлсая Әбілдаева.
Кәсіпкер 2025 жылы 9,8 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, жолдасы Сабит Атақұловпен бірге пластик өнімдерін өндіретін шағын цехтың жұмысын жандандырды.
Бұл отбасы үшін кәсіпкерлік таңсық сала емес. Олар осы бағытта 10 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған. Алайда өндірістік қуатты арттыру мен заманауи құрал-жабдықтарға қол жеткізу – көптен бергі арман болатын. «AMANAT» партиясының ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы осы арманды жүзеге асырды. Олар 2,5 пайыздық несие есебінен түркиялық жоғары сападағы «Craft», «Yilmaz» маркалы заманауи құрылғы сатып алып, өндірісті толықтай жаңғыртты.
«Бұрын ұзақ уақытты қажет ететін өнім дайындау кезеңі бүгінде айтарлықтай қысқарып, небәрі 4–5 күннің ішінде сапалы өнім шығаруға мүмкіндік туып отыр. Бұл – уақыт үнемдеу ғана емес, сапаның жаңа деңгейге көтерілуі. Қазіргі уақытта цехта өндірілген өнімдерге сұраныс жоғары. Тапсырыстар Арал ауданының барлық елді мекендерінен ғана емес, Қызылорда облысының өзге аудандарынан және Ақтөбе өңірінен де түсуде», – дейді Гүлсая Әбілдаева.
Отбасылық кәсіп бүгінде екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал алдағы жоспарлар бұдан да ауқымды. Кәсіп иелері цех көлемін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды, өндіріс көлемін бірнеше есеге арттыруды көздейді.
«Ауыл аманаты» жобасы бізге үлкен серпін берді. Бұрын тек шағын көлемде жұмыс істесек, бүгінде өндірісті кеңейтіп, жаңа деңгейге көтердік. Ең бастысы – халыққа сапалы өнім ұсынып, сұранысты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік алдық», – дейді кәсіпкер.
Бұл бастама – бір отбасының табысы ғана емес, тұтас ауыл экономикасының дамуына қосылған үлес. Осындай нақты істер арқылы ауыл тұрғындарының кәсіпке деген қызығушылығы артып, еңбекке деген ынтасы күшейе түсуде.
Мәселен, Арал ауданында 2023-2025 жылдар аралығында «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» аясында жалпы құны 1 млрд. 113 млн. теңгені құрайтын 179 жоба қаржылай қолдауға ие болған. Былтыр 43 жоба іске қосылса, биыл 85 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.






