Кеше аудан әкімі Ардақ Ибраимов мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсібін бастаған кәсіпкерлік нысандарын аралап, кәсіпкерлерді «Ауыл аманаты» жобасының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға шақырды.
Кездесу барысында аудан әкімі жергілікті өнім өндірушілерді қолдау, олардың өнімдерін нарыққа шығару және «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігі мен қолдау тетіктеріне тоқталды. Кәсіпкерлер жоба аясында кәсібін дамытуға мүмкіндік бар екенін айтып, бағдарлама шарттарының тиімді екенін атап өтті.
«Ауыл аманаты» – ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды мемлекеттік жоба. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Жоба ауыл тұрғындарының табысын арттыруға нақты мүмкіндік береді. Бағдарлама арқылы жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алуға болады. Мұндай шарттарды екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары ұсынбайды. Бұл – кәсіп бастаушылар мен кәсібін кеңейткісі келетін азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Мамандар тарапынан жобаларға сүйемелдеу жұмыстары да жүргізіледі. Сондықтан мемлекет ұсынып отырған қолдауды тиімді пайдалану қажет», – деді А.Ибраимов.
«Ауыл Аманаты» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында ашылған кәсіпкерлік нысандарды аралау барысында аудан әкімі сауда орындарында жергілікті өндірушілердің, соның ішінде аудан кәсіпкерлері шығаратын кондитерлік және нан өнімдерінің үлесін арттыруды, сондай-ақ отандық өнімдерге басымдық беруді ұсынды.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі






