«Ауыл аманаты»: Өңірде жүйелі жұмыс бар

11

0

ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов өңірге сапарында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге «Ауыл аманаты» жобасының аймақта жүзеге асырылу барысы талқыланған мәжіліске қатысты.

Мәжілісте «AMANAT» партиясы өкілдері, облыстық басқармалар мен департамент басшылары, қала, аудан, ауылдық округ әкімдері және бизнес өкілдері болды.

Аймақ басшысы өңірдегі ауқымды жұмыстарға, бастамалар мен алдағы міндеттерге тоқталды.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының 2022 жылы қараша айында Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына кіріскеннен кейін ең алғашқы қол қойған Жарлығы «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжы­рымдамасы» болды.

Ауылдарды дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Бүгінде өңірі­міздің 447 мың тұрғыны (облыс хал­қының саны 845 мың адам) немесе 53 пайызы ауылда тұрады.

Агробизнес өкілдері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауылдардың жағдайын жақсарту үшін ауқымды жұмыс атқаруда. Бүгінгі жиынның басты мақсаты – «Ауыл аманаты» жобасын іске асырудағы негізгі мәселелерді талқылау, ұсыныс-пікірлерді бөлісу,– деді облыс әкімі.

Мәжілісте Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» жобасының негізгі ба­ғыттарына тоқталып, осы жоба шең­берінде Қызылорда облысында атқа­рылған жұмыстарға оң баға берді. Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Сәкен Мырзабек, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас­шысы Талғат Дүйсебаев және бизнес өкілдері баяндама жасады.

Айта кетейік, кейінгі екі жылда (2023, 2024 жж.) «Ауыл аманаты» жо­басы аясында 5 млрд 500 млн теңгеге 782 жоба іске қосылып, 1110 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 5,5 млрд теңге бөлініп, 443 жоба жоспарланған. Алдағы жылы 5,6 млрд теңгеге 305 жобаны жүзеге асыру көзделген. Жалпы 2,2 млрд теңгеге 65 кооператив қаржыландырылмақ. Бүгінгі күнге 23 кооперативтік жоба­лар пулы жасалып, пысықталуда.