«Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы бойынша Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш, Сырдария және Қармақшы аудандарында жиын өткізілді.
Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының инвестиция және кооперация бөлімінің басшысы Гүлмира Рахымжанқызы және Қызылорда облысы «Amanat» партиясының өкілі және шаруашылық құрылымдары қатысты.
Кездесу барысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, кооперация құру, жеңілдетілген несие беру тетіктері жөнінде нақты мәселелер көтерілді. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарына ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілер мен мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, жобаны іске асыру барысында кездесетін түйткілдер мен оларды шешу жолдары талқыланып, қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды.
Жиын қорытындысында жауапты мекемелерге жобаны сапалы әрі уақытылы орындау, ауыл тұрғындарына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде бірқатар міндеттер жүктелді.






