Ауыл халқының ұсыныс-тілектері тыңдалды

760

0

Арал ауданы әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов мәслихат хатшысы Базарбай Шөменұлымен бірге Бөген және Қарашалаң елді мекендеріне барып, ауыл халқымен кездесті.

Жиынға жергілікті қоғамдастық кеңесінің мүшелері мен ардагерлер және тұрғындар қатысты.

Алдымен аудан әкімінің орынбасары аудандағы жүзеге асырылып жатқан жобалар мен өңірдегі оң өзгерістерді саралап шықты.

Жиын барысында ауыл халқының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, қойған сауалдарына тиісінше жауап берілді.

Жеке кәсіпкер тарапынан жаңа балабақша құрылысының бастау алғандығына қуанышты екендіктерін айтқан бөгендіктер Қарашалаң ауылы мен екі аралықтағы жол мәселесі қиындық тударатынын және ауылдық клуб пен амбулатория ғимараттары ескіргендіктен жаңа нысан қажеттігі жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Тұрғындар тарапынан ауыз су мұнарасы да жөндеу жұмыстарын қажет ететіндігі айтылды.

Аудан әкімінің орынбасары бұрыннан көтеріліп жүрген мәселелерге қатысты жұмыстардың қай деңгейде жүргізіліп жатқанын түсіндіріп өтті. Мәселен, жаңа амбулатория ғимаратының құрылыс жобасы сараптамаға ұсынылған, нәтижесімен денсаулық сақтау басқармасы арқылы қаржыландыруға байланысты жұмыстар жүргізілетін болады.

Ал ауылдық клуб салу үшін де тиісті жұмыстар атқарылып, аталған нысанның құрылысын қаржыландыру үшін жауапты басқармаға бюджеттік өтінім ұсынылғанын және ауыз су мұнарасына қатысты жайт та ескеріліп, «Арал-Сарбұлақ» топтық су құбыры мекемесінің басшысына жолданатынын білдірді.

Жол мәселесі де басты назарда тұрғандығын айтып, -өтпелі негізде жүргізіліп жатқан «Бөген-Ақлақ-Қаратерең-Жаңақұрылыс» жобасы аясында жол жөндеу жұмыстарын жалғастыру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінгендігін жеткізді.

Сонымен бірге аудан орталығына қатынайтын жеке такси қызметінің заңдылыққа сәйкестігін анықтау жөніндегі ұсынысқа аудандық прокуратура өкілі жауап беріп, бақылауға алынатынын айтты.

Ал Қарашалаң елді мекені тұрғындары тарапынан айтылған медициналық бекет, ауылдық клуб қажеттігі жөніндегі мәселелердің жуық арада шешімін таппайтындығын ашық айтты. Алдымен ауданға қарасты өзге ауылдардағы апатты жағдайдағы нысандардың құрылысы жүргізілетінін түсіндіріп, алдағы уақытта бұл мәселелердің де назардан тыс қалмай, реттілігімен шешімін табатындығын жеткізді. Сондай-ақ, өрт сөндіру көлігіне қатысты айтылған ұсыныстар жауапты мекемеге ұсынылатын болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<