Ауыл кітапханаларына 100 кітап

1017

0

Фото: облыстық кітапхана

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясына арналған іс-шара өтті. Оған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда кітап мәселесіне ерекше мән берген болатын. Президент өз сөзінде: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек» деді.

Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» атты акция басталғанын хабарлады. Акцияға Министрлің өзі де үн қосып, Абай Құнанбайұлының ауылы Қарауылға және Қаныш Сәтбаевтың ауылы Баянауылға және өз туған ауылына әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын, танымдық-ағартушылық әдебиеттерді тарту еткен.

Ауыл кітапханаларына 100 кітап

Министр бұл бастама шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы шыққан жаңа туындыларды жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды көздейтінін айта келе, акцияға атсалысуға өзге де мекемелер мен ұйымдар, жанашыр азаматтарды шақырды.

Осындай кітаптардың алғашқы легі өңірімізге де келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайдың атынан Арал, Қазалы және Шиелі аудандарының шалғайдағы елдімекен кітапханаларына кітаптар тарту етілді.

Іс-шарада сөз сөйлеген басқарма басшысы Мира Қазбекова кітаптар Арал ауданы Құланды елді мекеніне, Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылына және Қазалы аудандық орталықтандырылған кітапханаға тарту етілетінін, мұндай шаралар ары қарай да жалғасатынын айтты.

Сондай-ақ, кітапхананың тұрақты оқырманы Абайбек Жүнісов сөз сөйлеп, игі шараның мән-маңызына тоқталды.

Америка құрама штаттарында болғанымда, осындай кітап акцияларының маңыздылығы өте жоғары екенін аңғардым. Оларда «Көше кітапханасы» деген жоба бар. Әрбір көшеде арнайы жәшік жасап қойған. Әркім өзі оқыған кітабын басқалар да оқысын деп сол кітапханаға қойып кетеді. Сол жәшіктен өзі оқымаған кітап көрсе, алып оқып, қайтып әкеліп қояды. Бұл да кітапты жас ұрпаққа, жалпы халыққа оқытудың мәдениеті деп айтсақ болады. Жалпы, шетелдерде көптеген әлеуметтік жобалар жолға қойылған. Мемлекет басшысынынан бастап қолға алынып жатқан бүгінгідей акция болашақта бізде де сондай шараларға жол ашады деп ойлаймын, деді Абайбек Жүнісов

Акция аясында келген кітаптарды ауыл кітапханаларына Мира Қазбекова табыстады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<