Ауыл шаруашылығы саласында соны серпін байқалады

931

0

Арал ауданының ауыл шаруашылығы саласында соны серпін байқалады. Жыл басынан бері 9,3 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 105,2 пайыз болды.

Егін көлемін 2022-2024 жылдар аралығында 800-ден 3000 гектарға дейін ұлғайту үшін даму жоспары әзірленіп, жол картасы бекітілді. Биыл 529,2 гектар жерге түрлі дақылдар орналастырылды. Оның ішінде 11,7 гектар картоп, 53 гектар көкөніс, 170  гектар бақша, 73 гектар ескі жоңышқа, 221,5 гектар жаңа жоңышқа бар. Бұдан бөлек, Сыр беткейінде орналасқан ауылдық округтердегі жеке және шаруа қожалықтары 60 гектардан астам жерге күзде егілетін жоңышқа тұқымын себуге ниет білдірген.  

Арал ауданы облыстың солтүстік батыс аймағы болғандықтан, егін кеш жиналады.  53 гектар көкөністен 662,5 тонна өнім (орташа өнім 125-128 ц/га), 170 гектар бақшадан 2244 тонна өнім (орташа өнім 130-133 ц/га), 11,7 гектар картоптан 169,6 тонна өнім (орташа өнім 145-146 ц/га) және 73 гектар ескі жоңышқадан 226,3 тонна өнім (орташа өнім 31 ц/га) алынды. Алынған өнімдер аудан және облыс орталықтарына сатылымға шығарылуда.

Биылға егістікті сумен қамтамасыз ету үшін 3 ішкі шаруашылық каналды тазалау (Приарал, Қайролла, Бекназар) межеленіп, шаруашылықтар өз күшімен канал арнасын камыс пен борықтан аршыды. Сондай-ақ, 3 насос қондырғысы жөндеуден өткізілді. Қазір суды тиімді пайдалану әдістері мен суды аз қажет ететін қондырғылар қолданылуда.

Оған дәлел, биыл Ақирек ауылдық округіндегі «Асхат» және «Нұр-Дана» шаруа қожалықтары подпленка әдісімен 7 гектар жерге бақша дақылдарын ексе, Атанши ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер 10 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен бақша, көкөніс дақыларын тікті.  Аманөткел ауылдық округіндегі «Camel Pro» шаруа қожалығы 100 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғысы арқылы жаңа жоңышқа тұқымын септі. Бұл облыс бойынша алғашқы жаңа жобалар санатына енгізілді.

Сонымен қатар, егістік жерді суландыру үшін ауданға қажетті 10 дана дөңгелікті ДНУ-200/75 дизелді су насосын сатып алуға қаржы бөлініп, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жеткізіп берді.

Өткен жылғы құрғақшылық салдары ауыл шаруашылығы саласына өзіндік қиыншылықтарын әкелді. Биыл 7 ұңғыманың жобасы республикалық бюджеттен қолдау тауып қаржыландырылды. Бүгінде оның жетеуі де қазылып пайдалануға берілді.

 Қосаман елді мекеніндегі «Тоғыт» (жоба құны 16 млн 800 мың теңге), Жақсықылыш кентіндегі «Ащықұдық» (26 млн. 500 мың теңге), «Сульфат-2» (15 млн 500 мың теңге), Қамыстыбас елді мекеніндегі «Боранбай» (17 млн 400 мың теңге), Мергенсай елді мекеніндегі «Мергенсай» (31 млн 400 мың теңге), Қамыстыбас елді мекеніндегі «Қазанғап ата» (20 млн теңге) және Ақирек елді мекеніндегі «Ақбай» су ұңғымалары (20 млн теңге) қазылды. Сонымен бірге Арал қаласындағы «Арал-1» су ұңғымасын қазу жұмыстарына облыстық бюджеттен 28 млн 472 мың теңге қаржы бөлініп,  жұмыс жуық арада басталады.

Жаңақұрылыс ауылдық округіндегі «Ералы» каналының арнасын қазу жұмыстарының бірінші кезеңі басталды. Оған 29 млн 900 мың теңге қаржы бөлінді. Бүгінде канал арнасының 5 шақырым жері тереңдетілді. Биыл жобаны аяқтау үшін облыстық бюджеттен қосымша 20 млн 032 мың теңге бөлініп, канал сағасына су тоспасы салынды.

Жаңақұрылыс ауылдық округіндегі «Нұралы жарма» каналының сағасына үш көзді су тоспасын салу, 1 шақырым қорғаныс бөгетін соғу және 600 метр канал арнасын тазалау жобасы республикалық бюджеттен қолдау тапты. Жоба құны 166 млн теңге. Тапсырыс беруші облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы. Қазіргі таңда канал сағасына су тоспасын салу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде аяқталуға жақын.

Сондай-ақ, 2022 жылы «Қулы», «Ақшақыз» және «Қайролла» каналдарын күрделі жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен 165 млн 514 мың теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге «Ақшақыз» каналын тазалау, су тоспасын салу жұмыстары атқарылуда. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұған қоса, «Қулы» және «Қайролла» каналдарына су тоспасын салу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<