Ауыл шаруашылығы саласының ардагерлеріне құрмет көрсетті

139

0

Фото: облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Құрманбек Бәкірұлын және Ауыл шаруашылығы саласының үздігі Керімхан Егізбаевты мерейтойымен құттықтады.

«Бүгін ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының академигі, жетекші селекционер, Шиелі ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Құрманбек Бәкірұлының 80 жас, сала үздігі, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Керімхан Егізбайұлының 75 жас мерейтойына арналған жиында бас қостық. Құрманбек Бәкірұлы мен Керімхан Егізбайұлы – ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан өз ісінің білікті мамандары.

Жуырда Астана қаласында өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Президентіміз: «Қазір жаһандық азық-түлік нарығында бәсеке күшейіп келеді. Оған төтеп беру үшін ғылымды дамытуға баса мән беру керек. Соның ішінде тұқым шаруашылығын жандандыру – стратегиялық міндеттің бірі» деген болатын. Бұл ретте, өңірдегі тұқым шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқан Құрманбек Бәкірұлы мен Керімхан Егізбайұлының еңбегін ерекше атап өтуіміз қажет»,– деді аймақ басшысы.

Құрманбек Бәкірұлы 1944 жылы Шиелi ауданының Бала би ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында білім алып, 1967 жылдан бері Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында еңбек етуде. Ғалым Қазақстанда бірінші болып күріш мутагенезімен айналысты. Осы әдіспен күріштің 130 түрін шығарды. Ақ күріштің бірнеше сортының, оның ішінде «Маржан» және ерте пісетін «Ару» сортының негізгі авторы атанды. 160-тан астам ғылыми еңбек жазды.

Қазіргі таңда Ресейдің ядролық зерттеулер институтымен бірлесіп күріштің тұзға, қуаңшылыққа төзімді формаларын алу бойынша жұмыс жасауда. Ол 1997 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік ғылыми стипендиясын иеленді.

Керімхан Егізбайұлы 1949 жылы Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін, еңбек жолын 1977 жылы туған жерінде бастаған. 1994 жылдан бері «Агротехнология» ғылыми-өндірістік шаруашылығын құрып, ғылым мен өндірісті ұштастырып еңбек етіп келеді. Күріштің «Авангард» сортын, «Венгрия» жүгерісін, Польшадан шыққан гибридтерді, өзбектің ақ жүгерісін, жоңышқаның жетісулық жергілікті сорттарын аудандастырып, егу тәсілін меңгерді. Мұны дүние жүзінде бірінші болып ғылыми зерттеп, дәлелдеп, өндіріске енгізді. Қазіргі таңда бұл әдісті әлемдегі күріш егетін елдің барлығы пайдаланады.

Мал шаруашылығында америкалық «Санта-Гертруда» асылтұқымды ірі қараны алғаш рет облысқа жерсіндіріп, оның басын 400-ге жеткізді. Күріштің «Айкерім» жаңа сортының авторы, күздік бидай, арпаның жаңа сорттарының қосымша авторы атанды.

Актив отырысында Құрманбек Бәкірұлына және Керімхан Егізбайұлына Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды. Қазақстанның Еңбек Ері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Абзал Ералиев ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғалиолла Мейірман мерейтой иелерін құттықтады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<