Шиелі ауданына қарасты Сұлутөбе ауылындағы №41 мектептің 5-6 сыныбында оқитын қыздардан құралған баскетбол командасы облыстық «Ұлттық мектеп лигасынан» үздік шығып, енді республикалық деңгейде бақ сынауға мүмкіндік алды. Бұл – ауыл баласы үшін жоғары жетістік. Екі кезеңнен іркілмей өткен жас өрендер өздерінің шеберлік деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.
Шындығын айтқанда, сырт көзге баскетбол оңай көрінеді. Дегенмен оның қыр-сырына үңіліп, тәжірибені арттыра түспесең жетістікке жету қиын. Сұлутөбелік баскетболшы қыздар төменгі сыныпта оқыса да қазірдің өзінде алаң төрінде қалай әрекет ету сырын әбден меңгеріп алды. Соның нәтижесінде олар ауылдың намысын абыроймен қорғап жүр. Команда жетекшісі Оралхан Орманбеков жергілікті мектепте 2010 жылдан бері ұстаздық қызмет атқарады.
– Әріптесім Сұңғат Асанов екеуміз оқушылар арасында баскетболды дамытуға мән бердік. Олардың қызығушылығы ерекше. Соның арқасында аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүр, – деді ол.
Команда сапында Айару Сансызбай, Анаят Сейсенбай, Арайлым Русланқызы, Айдана Қиянбекқызы, Аяулым Оразбай, Арай Нұрмағанбет, Айзере Балтабай, Аруна Кенжебек, Кәусар Сүйінбаева, Нұрару Балтабай есімді қыздар жеңіс жолында белсенділік көрсетіп жүр.
– Оқушылар аптасына үш мәрте дайындыққа келеді. Үздіксіз жаттығу жасаудың нәтижесінде биіктен көрінді. Шәкірттерім алдымен аудандық жарыста №№127, 49, 45, 219 мектептерді артта қалдырып, финалда №270 мектептен басым түсті. Облыстық деңгейде топтық кезеңде Қазалы, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласы командаларымен сайысқа түсті. Өз тобымызда бірінші орын алды. Жартылай финалда аралдық оқушыларды жеңіп, финалда бас жүлдені Қармақшы командасымен сарапқа салдық. Тартысты өткен бәсекеде біз жеңіс тұғырынан көріндік, – деді О.Орманбеков.
Енді республикалық турнир мамыр айында Талдықорған қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Сұлутөбенің жас қыздар командасы аймақ намысын абыроймен қорғайды деп сенеміз.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





