Мемлекет басшысы халық денсаулығын ел дамуының басты құндылығы ретінде атап өтіп, бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Әсіресе ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту – жастарды салауатты өмір салтына баулудың маңызды тетігі. Осы бағытта өңірлерде жаңа спорт нысандары салынып, тұрғындар үшін қолжетімді орта қалыптасуда.
Соңғы жылдары ауданда бірқатар дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. 2023 жылы Қамыстыбас және Аманөткел ауылдарында ашылған спорт кешендері бүгінде ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығын арттырып отыр. Қамыстыбас ауылындағы кешенде 18 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 4 жаттықтырушы бокс, волейбол, грек-рим күресі және еркін күрес бойынша 164 баланы спортқа баулуда. Ал Аманөткел ауылындағы спорт кешенінде 19 қызметкердің қатарында 4 жаттықтырушы волейбол, грек-рим күресі, еркін күрес және таеквондо бағыттары бойынша 172 жасөспірімді жаттықтырып келеді.
Өткен жылы Жақсықылыш кентінде де жаңа спорт кешені пайдалануға беріліп, ел игілігіне қызмет етуде. Қазіргі таңда мұнда 416 бала бокс, волейбол, грек-рим күресі, еркін күрес, гандбол, дзюдо және асық ату үйірмелеріне қатысуда. Мекемеде 23 қызметкер жұмыс істейді, оның 8-і – жаттықтырушы.
Жалпы, ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту – тұрғындардың денсаулығын нығайтып, өскелең ұрпақты спортқа баулудың тиімді жолы. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, ауыл спортының дамуына серпін бермек.
Арал ауданы әкімдігі






