Ауыр атлетикадан Әлем чемпионы елге оралды

740

0

Мексика елінде ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы атанған Ерасыл Сәулебеков елге оралды.

Мұхит асып, Мексиканы бағындырған, алтыннан алқа тағып, көк туымызды көкке көтерген Ерасыл алаштың рухын аспандатқаны сөзсіз. Осы орайда, бүгін мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемұлы чемпионымыз Ерасыл мен жаттықтырушылары Айдар Ералиев және Жеңіс Алдабергеновты қабылдап, жүрек жарды лебізін білдірді.

Ауыр атлетикадан Әлем чемпионы елге оралды

«Жүлдеге қол жеткізу оңай болмаса да, Сіз қазақстандықтардың, оның ішінде Сыр елінің үмітін ақтадыңыз. Бұл өзіңіздің кәсіби шеберлігіңіз бен жеңіске деген айрықша ерік-жігеріңіздің нәтижесі. Сіздің жетістігіңіз – өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін күшейтіп, мыңдаған жастың спортқа, салауатты өмір салтына ынтасын арттырары сөзсіз. Алтын медальді иеленіп қана қоймай, спорттық кәсіби өміріңізге жаңа да жарқын жол аштыңыз. Бұдан да биік белестерді бағындыратыныңызға сенемін!» деді басқарма басшысы өз құттықтау сөзінде.

Естеріңізге сала кетейік, Сәулебеков Ерасыл Мексиканың Леон қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында 67кг салмақ дәрежесінде жұлқи көтеруден 123, серпе көтеруден 158, қоссайыста 281кг жинақтап Әлем чемпионы атанды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<