Ауыр атлеттер қоржынында тағы екі алтын медаль

867

0

Қазақстандық спортшылар Мексиканың Леон қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында тағы екі алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясынан мәлім еткендей, елордалық 17 жастағы Едіге Емберді 73 келіге дейінгі салмақта үздік шықты. Жұлқа көтеруден 134 келіні еңсерген Едіге бірден алға кетті. Ал серпе көтеруден 172 келіні бағындырып, әлемдік рекорд жасады. Қоссайыс қорытындысында қалған атлеттерден қара үзіп кетті – 306 кг. Өзбекстандық Диорбек Эрматов 290 келімен (133+157) екінші, канадалық Брайан Ибаньез Герреро 288 келімен (132+156) үшінші орынға көтерілді.

Тағы бір қазақстандық Денис Полубояринов 81 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Ол қоссайыс қорытындысында 323 кг (143+180) нәтиже көрсетті. Италиялық Якопо Фальсинотти 293 келімен (132+161) күміс, мексикалық Иаан Баррерас 280 келімен (119+161) қола жүлдені қанағат тұтты.

Осылайша, Қазақстан құрамасы алтын медаль санын үшке жеткізді. Еске сала кетейік, бұдан бұрын ауыр атлет Ерасыл Сәулебековтің жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<