Аймақ басшысының тұрғындарды ауыз сумен қамту көрсеткішін көтеру тапсырмасына сәйкес бүгін облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтың төрағалығымен арнайы жиын өтті. Онда «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің қаржы-шаруашылық жағдайы талқыланды.
Отырыста Мархабат Жайымбетов жаз мезгілінде су қысымының төмен болуы, кей мөлтек аудандарда құбырдан лай судың ағуы жыл сайын үйреншікті жағдайға айналып бара жатқанын және тұрғындардың мекеме алдындағы борышы 1,3 миллиардқа жеткенін тілге тиек етіп, коммуналдық мекеменің жұмысын сынға алды.
Қазір 83 мыңнан астам абонентке күнделікті 100 мың текше метр ауыз су берілуде. «Қызылорда су жүйесі» мекемесіне бюджеттен де, бюджеттен тыс қаржы көздерінен де қаржы қаралып, мың шақырымға жуық құбыр ауыстырылды. Дегенмен, қызмет көрсету сапасы деңгейі әлі де төмен.
Отырыста мекеме басшысы Талғат Құлмағанбетовтың есебі тыңдалды. Жиын барысында Мархабат Жайымбетов жауапты мекеме тарапынан жіберілген бірқатар олқылықты тізбеледі. Атап айтқанда, салықтық берешегі 660 млн.теңгені құрағанын, мекеменің абоненттік базасы тұтынушыларға берілген қызмет түрлерімен сәйкес келмейтінін айтып, тұрғындар тарапынан аталған мекемеге сұрақтардың көп екендігін жеткізді.
«Біздің қызметіміздің бағасын қашанда халық береді. Ал, Сіздердің жұмыстарыңызға қанағаттанарлық баға бере алмаймыз. Қарыз жиналмайды, салық төленбейді және ең бастысы бұған ешкім жауап бермейді. Қала басшылығы мекеменің жұмысын қатаң бақылауда ұстауы қажет. Жағдай бұлай жалғаса берсе тәртіптік мәселесін қарастыратын боламыз.
Ауыз су беру қызметі сапалы көрсетілсе, әрине, халық төлейді. Суды 24 сағат тиісті қысыммен беріңіздер, екінші желіні қосып, заңсыз су алып жатқан абоненттер болса халыққа көрсетіп қатаң шара қолданыңыздар. Қарызды жинау механизмін жетілдіру керексіздер» – деді Мархабат Жайымбетов.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары қала әкімінің орынбасарына нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалу уақытын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<