Ақпанның 19 күні қасиетті ай – Рамазан айы басталады. Мұсылман қауым үшін бес парыздың бірі болып саналатын оразаны әуелі неден бастау керек, Рамазан айын қалай өткізген дұрыс, қасиетті айда қандай әрекеттер сауаптан айырады, Рамазанға қалай дайындық жасаған жөн деген сұрақтарға Stan.kz редакциясы жауап іздеді. Исламтанушы Қанат Байбосынұлы дұрыс ниетсіз амалдың қабыл болмайтынын айтты.
Исламтанушының айтуынша, Рамазан айына рухани дайындық ішкі ниет пен пиғылды түзеуден басталады. Сондай-ақ оразаны арықтау, денсаулықты қалпына келтіру мақсатында ұстауға болмайтынын ескертті.
«Амалдар ниетке байланысты» деген хадис бар. Қандай амал-әрекет жасасақ та, ол адамның пиғылына байланысты болмақ. Сондықтан Рамазан айында да «оразаны Құдайдың міндеттеген парызы, бұйрығы, мұсылман ретінде, ата-бабам ұстанған дін ретінде мен де ұстауға тиістімін» деген ниетпен, «Алланың разылығы үшін, дүниеде де, ақыретте де пайдасы болады» деген ниетпен ұстаған дұрыс. Ал диета ұстау, арықтау мақсатында, денсаулығым, салмағым қалпына келсін деген ниетпен ұстау дұрыс емес. Ол кезде ол рухани мән-мағынасын жоғалтады. Пайғамбарымыз Рамазан жақындаған сайын қосымша, яғни нәпіл оразасын көбейтетін болған. Ол ағзаны дайындау үшін. Таңертеңнен кешке дейін ауыз бекіту кезінде туындайтын қиыншылықтарға ағзаны әдеттендіру керек. Барша мұсылманның солай дайындалғаны жөн. Ораза қабыл болу үшін адамда бірінші ниет болуы керек. Ниетсіз амал қабыл болмайды, дұрыс ғибадат болмайды», – дейді исламтанушы.
Оның айтуынша, ораза тұтқысы келген адам шариғатқа сәйкес таң намазының уақытына тұрып, сәресін ішуі керек. Сосын ниеттеніп, арнайы дұғаларын оқып, ауыз бекітеді. Ал күн шығып кеткен соң немесе таң намазынан кейін тұрып, бір нәрсені ішіп-жеп қойып, “оразаны жалғастыра салайын” деп, ниетсіз бастаса оразасы дұрыс болмай қалуы мүмкін екенін айтты.
Оразаға ниетті алдыңғы күннің ақшам намазынан кейін жасау керек дейді исламтанушы.
«Мысалы, биыл Рамазан ақпанның 19-ы күні кіреді. Яғни, 18 ақпан күні ақшам намазынан кейін, күн батқан соң мұсылман ниет етуі керек. Бұл бірінші уақыты. Ал ең соңғы уақыты – таң намазынан алдындағы кез. Таң намазынан алдын ниет етуі керек. Егер сәресіне ұйықтап қалса, адам сол уақытта бір ниет етіп қоюы керек. «Мен оразамын, сәресіне ұйықтап қалдым, ештеңе ішпей аузымды бекіте беремін» деген ниет болу қажет. Осы ниет болған жағдайда оның оразасы толық болады. Негізі «сәресіне тұрудың өзі ниет» дейді пайғамбарымыз», – деп оразаны қалай тұтудың жолын айтып берді.
Өткен жылғы Рамазанда қаза болып қалған оразаны өтеу міндетті
«Уақыты бар ғибадат өтіп кеткеннен кейін де міндетті болады» деген қағида бар. Уақыты белгілі ғибадаттың уақыты бар: намаз, ораза, зекет. Сол ғибаттың уақыты өтіп кетсе де, мойнымызда міндет болып тұра береді. Өткен жылы қаза болған күндерді жақын күндері Рамазан айы кірейін деп тұрғандықтан онымен қабаттастырып ұстамайды. 30 күн оразаны өткізіп болған соң кейін ұстаса болады. Бірақ дегенмен мұсылман адам қаза күндерді келесі Рамазан айына дейін ұстағаны абзал. Егер үлгермей, есінен шығып кетсе алдағы оразаны өткізген соң ұстаса рұқсат», – деді Қанат Байбосынұлы.
Денсаулығы нашар адам оразаны қалай өтейді
Алдымен исламтанушы денсаулығы әлсіз, ораза ұстауға мүмкіндігі жоқ адамдар медицина мамандарының кеңесін алуға кеңес береді. Бұд жағдайда азматтың ораза тұтуын немесе тұтпауын медициналық қызметкерлер шешеді деді.
«Денсаулығы әлсіз адамдарға қатысты қандай шешім қабылдаса да, сол шариғи негіз алады. Егер ораза ұстауға болмайды десе, олар ораза ұстамайды. Мұндай жағдайда шариғатта өтем, яғни қарастырылған. Әлсіз, қарт адамдардың сырқаттары созылмалы болып кету қаупі болғандықтан өтем жасайды. Бір күн оразаға тойып тамақ жейтіндей бір міскін мұқтаждың қажеттілігін өтейді. Ол қазір ақшамен есептеледі. Оның бәрі белгілі. Бір күнге бір фидия беріледі. Осылайша олар ораза ұстағандай болады, сауабын да алады. Ал екінші санаттағы адамдар бар, олар: емізулі әйелдер және қазір науқас, бірақ ертең емделіп, жазылып кеткен соң ораза ұстайтындар. Олар оразаны қаза қылады. Шариғатта оларға ауыз бекітпеуге рұқсат еткен. Бірақ бала сүттен шыққан соң, науқас жазылған соң 30 күн қаза оразаны өтейді, – дейді ол.
Айта кетейік, фидия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 4000 теңге болып бекітілді.
2026 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 735 теңге етіп белгіленді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (6400 теңге) немесе 4 келі құрмамен (12400 теңге) бергені жақсырақ.
Шариғатта қыздар үшін балиғат жасы – 13-15 жастан басталса, ер балалар үшін кемінде 15, көп дегенде 17-18 жас деп саналады. Балалардың балиғат жасқа толғанын физиологиялық белгілеріне қарап анықтайды. Сол себепті олар дәрігерлерден, ата-анасынан немесе мешіттегі имамдардан сұрап, ораза ұстауға бола ма, жоқ па соны анықтап алғаны абзал деп жөн сілтеді исламтанушы.
“Өйткені оларға әлі ораза міндет болмауы мүмкін. Ал балиғат жасқа толған, оқитын, жұмыс істейтін бауырларымыз сәресі кезінде барынша құнарлы тамақ жегені дұрыс. Ол жұмысқа, оқу барысына кері әсер етпеу керек. Бірақ әлемдік ғылыми зерттеулер ашығудың жұмыс істеуге, оның өнімділігіне еш зиянын тигізбейтіні дәлелденген. Сондықтан жұмыс істейтін мұсылмандар оразаны міндетсінбей, жалқауланбай, жұмысқа селқос қарамай, физиологиялық, рухани түрде дайындалып ұстауы керек. Ешбір ғибадатты біреуге міндетсінуге болмайды. Онда сауабын ала алмай қаласыз”, – деп ескерту жасады Қанат Байбосынұлы.
“Жасаған жақсылықтарыңның сауабын 700 есе арттырамын”
Исламтанушы Рамазан айында садақа беру мен қайырымдылықтың сауабы өте мол екенін атап өтті. Қасиетті айда Ислам бойынша әлеуметтік теңдік орнауы керегін айтты.
“Алла Тағала Құранда: “Сендердің жасаған жақсылықтарыңның сауабын берден 700 есе арттырамын” деген. Бұл белгілі бір сандарды емес, шексіз арттырамын дегенді білдіреді. Сондықтан барша мұсылман Рамазан айында садақа беріп, қайырымдылық жасауға тырысады. Өйткені осындай қасиетті айларда Ислам бойынша әлеуметтік теңдік орнауы керек. Кедей кедейлігін, бай байлығын сезінбеу керек. Барлығы тең дәрежеге түсуі керек. Сондықтан шариғат Рамазан айында қарапвйым адамдарға жан (фитр) садақасын, ал ауқатты адамдарға зекет садақасын міндеттейді. Осылайша, уақытша болса да әлеуметтік теңдік орнайды. Адамдар мүмкіндігінше Рамазан айында қайырымдылық жасап қалу керек”, – дейді Қанат Байбосынұлы.
Айтуынша, садақа бұл тек материалдық дүние, ақша ғана емес:
Әр жылы сөз – садақа;
Жылы мәміле – садақа;
Жылы шырай таныту да – садақа;
Ата-анаға жасаған қызмет;
Ер азаматтың отбасын бағып, бала-шағасын адалынан ас-ауқаттандыруы – садақа;
Әйелдің күйеуінің әкелген мал-мүлкін шашауын щығармай ұстауы, балаларына дұрыс тәрбие беруі де – садақа.
Цифрлы ораза: “Ауызашарда отырмын” деп сурет салуға болмайды
Шариғи оразада бәрі ас-ауқаттан тыйылады. Исламтанушы мұндай шектеулердің қатарына цифрлы оразаны да қосты.
“Сондай-ақ біз әлеуметтік желілерді, заманауи құрылғыларды қолданудан тыйыламыз. Мұны қазір цифрлы ораза деп атап жүр. Бұл адамға физилогиялық, рухани тыныштық сыйлайды. Телефондағы қияди әлемнен шығып, шынайы өмірде тұрақты, классикалық қағидалармен өмір сүрсе адамның өмірі де, өзі де, ойы да дұрысталады. Оның үстіне шариғат бойынша, Рамазан айында жасалған құлшылықтарды насихаттау, көрсетіп ораза ұстау, “ауызашарда отырмын” деп сурет, видеолар салу рия (жария түрде жасау) болып саналады. Оның сауабы азайып, кейтін тіпті жойылып кетеді. Сондықтан шариғи оразадан бөлек, цифрлық ораза да ұстау керек”, – деді ол.
Ораза тұтқанда Пайғамбар көрсетіп кеткен күн тәртібімен жүрсе, пайдасы мол дейді исламтанушы. Ол үшін ең алдымен ұйқы уақытын реттеуге кеңес берді.
“Ерте жатып, сәресіне оянып, ауқаттанған дұрыс. Сәресін ішкеннен кейін де жатып қалмау керек. Ол асқазанға зиян. Таза ауада тыныстап, үйдің ішінде қадам басып, жүріп, одан сәл мызғып алып, кейін жұмысқа барса болады. Бұл тура Пайғамбарымыздың әрекетіне сәйкес күн тәртібі болады. Жұмыста басқа әріптестер ауыз бекітпей, түскі үзіліске шықса, ораза тұтқан адам көз шырымын алып, қайта жұмысқа кірісуге болады. Ауызашар уақыт кіре сала барлық тамақтарды дәмін бірден татпай, құрма, сумиен ауыз ашқан жөн. Араға уақыт салып жылы-жұмсақтан ауыз тисе болады”, – деді Қанат Байбосынұлы.
Ол ораза ұстаймын деп денсаулықты құртып алуға болмайды деп ескерту жасады.
Айта кетейік, Рамазан біткеннен кейін де сол рухани күйді сақтап қалу маңызды. Оны күнделікті әдетке айналдырып, жоғалтып алмас үшін Аллаға жақын болуға, құлшылыққа бекем болу керек дейді исламтанушы. Бес уақыт намазды бастап, оқи алмай жүріп, Рамазан айында намазға тұрса, ары қарай рухани күйін сақтап қалуға болады деп санайды ол.
“Шариғатта “Құдайшыл бол, рамазаншыл болма” деген жақсы сөз бар. 11 ай бойы білгеніңді істеп, денсаулыққа да, рухани күйіңе де қарамай, Рамазан келген сәтте аузыңды тыйып, қиналып ашығып, көзің қарауытып, ауызашарды сарыла күтіп жүргенше, жыл он екі ай Құдаймен бірге бол дегені”, – деді исламтанушы.






