Жетікөл – қала орталығына жақын ауыл. Отыз-ақ шақырым. Ілгеріде ет бағытындағы бордақы малын өсірген ауылдың қазір заман ағымына бейімделгені байқалады. Шаһар іргесінде болған соң шаруасын солай ыңғайланғандар да жоқ емес. Кәсіпкер баршылық. Дегенмен атакәсіптен ұзамай, төрт түлік өрістеткен ағайын мұнда да жеткілікті.
Айтпағымыз басқа. Тілші мақсаты – тың жаңалық іздеу болса, оның ішінде мезгіл мәселесі де, көңіл марқайтатыны да кездеседі. Ақпарат легін айтамыз-дағы. Оның ішінде мерекелерде кейіпкер іздеп шарқ ұратынымыз бар. Сондай сенделістің үстінде…
…Іздеген Амангүл әжемізді таптық. Бұрын ол жайлы аудандық басылымда жарияланған шағын мақаланы көзіміз шалған. 13 бала дүниеге әкелген Батыр ана, 60 шақты немере мен жиенге құшағы толған әже. Айтпақшы, дүниеге келген 13 баланың 11-і қыз. Міне, тақырып. Әлі жазылмаған мақала туралы ой түйіп, Амангүл апа отырған үйдің есігінен ене бердік.
– Құрсағыма біткені 16 бала болды. Үшеуі шетінеді, – дейді амандық-саулықтан кейінгі әңгімеде әжеміз. Бір байқағаным, жасынан үй мен түздің шаруасынан қалмаған қария әлі де қуатты, әр сөзі анық, нық.
– Биыл сексеннің алтауындамыз. Құдай өмір берген 13 ұл мен қызды өрбіттік қой. Шүкір. Сенің маған келгендегі мақсатыңды білдік. Иә, адам бойына жапырақ ет бітсе, оның еркек не әйел екеніне қарап қалған не бар?! Тек татар несібесін мол қылғай. Қатарынан 10 қызды тудық. Қырық жасыма дейін ғой. Шалым марқұм соған өй демепті-ау. «Менің азаматым!» дейтіндей еді. Қазір жастардың арасында мұндай шыдамдылық жоқ қой. Ұл тумаса, ұлы ойбайын салған талай отбасыны көрдік. Он қыздан соң он бірінші болып ұлым келді.
Ол баланы босанғаным тіптен қызық. Балаларымның көбісін үйде, енемнің қолында тудым. Тек үшеуін ғана перзентханада босандым. Ер баламды перзентханада босанғанымда хабар естіген ауылдағылар қайран қалыпты. Бүкіл Жетікөл болып қуанған шығар. Сірә, тағы қыз табар деп ойласа керек. Күйеуімнің қуанышы мүлде бөлек. Енем марқұм ел шулап, тойлап, думандатқанға ырымдап, атын Думан дегені де сол. Шүкір, барлық балаларым өз отбасымен қызығын көріп отыр. Алды 65 жастан асты. Осынша жасқа келгенімде балаларымның барлығы алақандарына салып, аялап отыр. Кезек-кезек қыдырамын, – деп ағынан жарылды Амангүл әже.
Тартоғай ауылының тумасы Амангүл Түменбаева он сегіз жасында Тұрсынәлі Ақжігітовпен бас қосыпты. Бұл күнде дүниеден өткен атамыз Жетікөлде өмір бойы көлік жүргізген. Ал әже зейнет жасына дейін пошташы қызметін атқарған. Ел қанығып оқыр газет-журнал мен алыс өңірлерден келетін хат-хабарды ауылдастарына таратыпты.

– Ең кенжемді 46 жасымда тудым. Иә, дүниеге бірінен соң бірі келген қыздардың арасында екі ұл бар. Думан мен Дулат. Дұрысы, ең үлкені Ләззат, одан соң Бағдат, Жанат, Манат, Алтын, Лиза, Күміс, Айман, Мархаббат, Қанағат, Думан, Болғанай, Дулат. Бәрінің атын 93 жасаған енем қойды, бәрі бір бесікке тербеліп өсті. Оныншы қызды туғанда енем «осымен қанағат» деп атын Қанағат қойғаны есімде. Бәрін өзі бағып қақты. Мені жұмыстан қалдырмады. Ол кезде Үкімет босанардан бұрын 56, босанған соң 56 күн ғана демалыс береді ғой деймін. Қазіргідей біреуін тапсаң, екі-үш жылдап декретте жатқызбайды, – дейді әже.
Әжеміздің мына бір естелігі тым қызық. Амангүлдің өз енесі, яғни Тұрсынәлі ақсақалдың анасы бірнеше қыз тапқанмен, оның барлығы сәби кезінде шетінеген. Құтаймапты. Ұлдардан бөлек, жалғыз қыз ғана қалыпты. Ошаққа от жағып, қыздарын ойлап жылайтын шешесіне жас бала Тұрсынәлі келіп: «Апа, жыламашы, мен саған есіктен төрге, төрден есікке дейін топырлатып қыз туатын келіншек әкеліп беремін» дейтін көрінеді. Қазақ мұндайда «Құдай аузына салғанын қарашы» дейтін еді ғой. Айтқанындай, келін болып түскен Амангүл бірнеше шаңырақтың үзігін жалғаған, бүгінде әр әулетке ұл-қыз сыйлаған қыздарды дүниеге әкелді.
Тұрсынәлі ата мен Амангүл әжеден тараған балалар мұғалім, механизатор, тігінші мамандықтарын игерген. Ұл-қыздан бөлек, немере-шөбере сүйген әженің шаңырағы ‒ бауырмалдық пен бірліктің нағыз үлгісі. Мақтайтындай, марқаятындай қазақы әулетті көргенде, осылай ой түйдік.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы».
Сырдария ауданы






