АЙБЫНДЫ АЗАМАТ

44

0

 Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ақордада Елбасы еліміздің әскери және күштік құрылымдары арасында ерен ерлік көрсеткен сала қызметкерлерін марапаттаған болатын. Мемлекеттік награда алғандардың қатарында жерлесіміз, өрт сөндіру қызметінің старшинасы Ермекбек Пазлиев те бар. Оқыс оқиға кезінде зейнеткерді немересімен құтқарып, жалынды ауыздықтаған өрт сөндіруші Президент қолынан ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін алды. Жалынмен арпалысқан жігіттің Мемлекет басшысынан алған марапаты аймақ абыройын асқақтатып, жерлестерін бір қуантып тастағаны анық.
Қармақшының Тұр­маған­бет ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген батыр бала жасынан әскери өмірге құштар болды. Азаматтық борышын Алматыда өтеген соң 2004-2007 жылдары №35748 әскери бөлімінде келісім-шарт негізінде қызмет істеді. Спортты «сенімді серігім» деп ұстанатын өрт сөндіруші үстел теннисін шебер ойнайды. Сонымен бірге жас кезінен гір тасын көтеріп, талай жүлдені қанжығасына байлаған. Гір тасын көтеруден «спорт шебері» атағына үміткер жерлесіміз 80 келі салмақ дәрежесінде рес­публика чемпионы атанып та үлгерген.
– Менің қызметтік мін­детімдегі еңбегімді елеп, мемлекеттік награда беріп жат­қан Мемлекет басшысына және салалық ми­нистрлікке, облыстық өрт сөндіру қызметіне ал­ғы­сым шексіз. Бұл марапат маған ғана емес, менің әріптестеріме, күнделікті өмір мен өлім арасында жүрген өрт сөндірушілерге көрсетілген алғыс деп есептеймін, – дейді Ермекбек Пазлиев.
2007 жылдан бері өрт сөндіру саласында қыз­мет атқаратын Ермекбек 2012 жылдан бері қарай бө­лімше командирі болып та­ғайындалып, жауапты лауа­зымның жүгін тартып жүр. Шыны керек, «Айбын» ордені кез келгеннің омырау­ына тағатын марапат қатарынан емес. Бір жағынан, Ермекбектің жұмысы қауіпті. Күнде бір оқыс оқиғамен бетпе-бет келуі әбден мүмкін. Қиын болса да, ер азаматқа лайықты қызмет сапында жүргеніне өкінбейтін ол бас­ты мақсат адамдардың амандығы дейді. Қаладағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі құтқару­шылары құрамында ол осы уақытқа дейін отқа оранған ғимараттар ішінен адамдарды ажал аузынан арашалауға талай қатысты. Марапатқа мақ­танып, жетістігіне желіккен базбіреудей емес, жұмысына тиянақтылығын өзімен танысуда көз жеткіздік. Бүгінгінің батыры «болдым-толдым» демеді. Бізбен қысқаша ғана тілдескен Ермекбек жаңа келіп түскен өртке қатысты қоңырауға асыға аттанып бара жатты. Жалынға қарсы тұрар жауынгерге жақсылық тілеп, біз де жиналдық.
Ержан Қожас
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз