Ақын мұрасы – ұлттық құндылық

336

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай  “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” атты мақаласы жарияланды. Онда ақынның бейнесі мен шығармасы ғана емес, өсиет кеткен ұлағатты ойлары сипатталған. Мақаланы оқи отырып үлкен ой түйесің. Себебі, кемеңгер ақынның әрбір шығармасында айтылған дүние қазіргі күннің тірлігімен астасып жатқандай.

Расымен, Абайдың шығармасы – бүгінгі ұрпақты саналы етіп тәрбиелейтін құрал, Президент айтқандай, ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын құндылық. Мұны бағалай білуіміз керек. Абайды тануға, оның шығармаларын танытуға күш салуымыз қажет. Бұл жөнінде Президент “Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет ” деп баса айтқан болатын.

Мерейтой қарсаңында елімізде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
Республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері өтеді. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталмақ. Хәкім мұрасын ұлықтау шет елде де жалғасын тауып, “Абай орталықтары” құрылады. Мұның барлығы ұрпақтарының ақынға көрсеткен құрметі, әдебиет пен өнерге деген жанашырлығы деп білемін. Мұндай игі іс біздің өңірімізде де өтеді. 29 сәуір – Халықаралық би күні аясында “Ұлы дала ырғақтары” атты би қойылымдарының  концерті,  “Абайдың ән әлемі” атты Тұрмағанбет атындағы халық оркестрінің концерті сынды іс-шаралар ұйымдастырылады. Ақын мерейтойының кең көлемде аталып өтуіне өз үлесімді қосатын боламын.

Үміт МЕДЕУОВА,

облыстық филармонияның әншісі,

ҚР Мәдениет қайраткері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<