АЙШЫҚТЫ МЕРЕКЕ

251

0

Жер-жерде Астана қаласының 20 жыл­­дық мерекесін атап өту шаралары басталды. Елорда тойына арналған ай­шықты шаралар Арал ауданында да ұйымдастырылуда.

Әрі бұл тек кеше ғана басталған шаруа емес. Мәселен, мерейтойды атап өту мақсатында  аудан мектептерінде жыл бойы түрлі тақырыптардағы іс-шаралар жүргізіліпті. Аудандық білім бөлімінің басшысы Сәнира Жанназарованың лебізінен өткен жылдың соңында басталған шара енді мектеп лагері тынығушыларының арасында  жалғасын тауып, кең ауқымда аталып өтіп жатқанын білгенбіз. Солардың арасында «Мәңгілік Елдің Елордасы» атты дөңгелек үстел, жас суретшілер көрмесі, республикалық балалар суреті мен шығармалар  конкурсы,  информатика және география пәні мұғалімдері бірлесіп өткізген саяхат сабақ, эссе жазудан сайыс, балалар және жас оркестрлер мен ансамбльдерінің шеруі, лагерь тынығушылары арасында «Аялаған Астана!» атты балалар байқауы, конкурстар бар. 

Тағы бір сүйсінерлігі, теңіз төскейінде ұстаздар­ды аудандық  кәсіподақ комитетінің қолдауымен жыл сайын Астанаға тынықтыруға апару жолға қойылған. Сондай-ақ, балаларға демеушілердің  көмегімен бас шаһарға саяхат ұй­ым­дастырылды. Биылғы саяхат өзіндік ерекшелігімен есте қалардай. Бұл жолы жас мамандарды жіберу бастамасы жүзеге асырылды. Кәсіподақ комитетінің мүшесі, жас маман математика пәні мұғалімі Н.Мұстафа өзінің Астанаға барған сапарынан көкейге түйген ойларын, күн санап құлпырып жатқан әсем қала жайлы  жүрекжарды пікірін  шұрайлы тілмен жеткізгенде оның әңгімесі, тәлім-тәрбиесі оң нәтижесін бергендігін кездесуге қатысушы шәкірттердің жайнаған жүздері аңғартып тұрды.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<