Апат айтып келмейді

506

0

Апат айтып келмейді Қызылорда қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде, облыстық төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті полиция қызметі мамандарының қатысуымен ата-аналар мен оқушыларға сонымен қатар мектеп қызметкерлеріне арналған кездесу ұйымдастырылды.
Маңызды кездесуде сала мамандары оқушылар мен ұстаздарға қазіргі уақытта орын алып жатқан төтенше жағдайлар мен күн сайын ақпарат көздерінен көріп отырған қылмыстық оқиғалардың басты себептерін айтып, олардың алдын-алу бағытындағы шараларға кеңінен тоқталды.
Жақында ғана Ресейдің Кемерово қаласында орын алған орны толмас үлкен қайғылы оқиға бүкіл елді дүр сілкіндіргені рас. «Сақтықта қорлық жоқ» екенін күнде айтып жүрсекте, шын қауіп төнген жағдайда абдырап қалу себебінен ажал құшып жатқандарды көзіміз көріп отыр. Көршілес елдегі қайғылы жағдайдан кейін еліміздің барлық қалаларында оқу-жаттығу жиындары мен қауіптің алдын алу туралы түрлі шаралар жүріп жатыр. Мектепте өткен осы іс-шарада мамандар ата-аналар мен оқушыларға қауіп төнген жағдайда қандай іс-әрекетті орындау керектігін айтты. Қарапайым өрт сөндіргіш құралдың тек қабырғада ілініп тұратынын көргенмен оны іс жүзінде қалай пайдалану керектігін біріміз білсек біріміз білмейміз. Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Аспандияр Нұрланұлы кездесуде ата – аналар мен оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауап беріп, бейнеролик арқылы да егжей – тегжейлі ақпарат берді.
Сонымен қатар, кездесудің тағы бір жартысы жергілікті полиция қызметінің мамандарына арналды. Сала мамандары өз кезегінде жолда жүру ережесінің маңызды тұстарын оқушыларға түсіндіріп, жол көлік оқиғаларының алдын-алу мүмкіндіктерін атап көрсетті. Көп жағдайда жаяу жүргіншінің қателігінен орын алатын жол көлік оқиғаларына жаяу жүргіншінің өзі кінәлі болып жататын жағдайлар көп кездеседі. Әсіресе мектеп оқушылары жолды кесіп өту кезінде жолақ арқылы емес, белгіленбеген орындардан жүгіріп өтіп, өз өміріне едәуір зиян келтіріп жатады. Сонымен қатар, ұялы телефонға үңіліп, құлақ қап киюдің кесірінен де зардап шеккен жағдайлар аз емес.
Бүгінгі шарада ата-ана мен оқушы көптеген маңызды ақпаратқа ие болды. Тіршілігіңді тұншықтырған тілсіз жау мен айтып келмейтін түрлі апаттардың алдын – алу үшін қажетті нұсқаулықты біліп жүру керектігі өзіміз үшін өте маңызды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<