Қазақ әдебиетінің антологиясын шетелде қалай таратады

218

0

Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы Қазақ әдебиетінің антологиясын шетелде тарату жолдары туралы айтып берді. Проза мен поэзия шығармаларына арналған екі жинақ алты тілде жарық көріп, әлемнің 70 елінде таралатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
Бюро басшысының айтуынша, қазақ тіліндегі шығармаларды БҰҰ-ның алты тіліне аудару келіссөздері кезінде ол шығармаларды тарату мәселесі де пысықталды. Мәселен, антологияның ағылшын тіліндегі нұсқасын Ұлыбританияның Кембридж университетінің баспасы әзірлейді. «Бұл кісілер біраз ойланып, өз келісімін берді. Бәріміз жақсы білеміз, Кембридж университетінің беделі де, тәжірибесі де мол. Ал университеттің жанындағы баспа үйі дүниежүзінде өзін ең алғашқы баспа үйі деп таныстырады, 500 жылдық тарихы бар. Бүгінде осы баспа аудармаға кірісіп, қазақ тілінен ағылшын тіліне аударманың жолма-жол нұсқасын әзірлеп қойды. Алдағы уақытта бұл мекеме аударманы жинақ үлгісінде басып, ағылшын тілінде сөйлейтін негізгі елдерге өзі таратады. Соның ішінде Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия сияқты мемлекеттер бар. Ағылшын тіліндегі екі антология да (проза мен поэзия – авт.) кемінде 10 мың данамен басылып, жаңағы елдердегі негізгі кітапханалар мен оқу орындарына тегін таратылады», – деді Р.Кенжеханұлы Астанада өткен жиында. Антологияның испан тіліндегі нұқасын шығаруды осы елдің мәдениет министрлігі қолдады. Әйгілі Сервантес институты кеңесші ретінде тартылып отыр. Ал 40 жылдық тарихы бар «Визор» баспа үйі антологияны басып, Испанияның өзінде және Латын Америкада испан тілінде сөйлейтін 20 шақты елдерге тарататын болады. «Францияда Париж қаласының мэриясы бұл жобаға негізгі қолдау білдіріп, ұйымдастыру шараларын қолға алып отыр. Мэрияның нұсқауымен Францияның ұлттық кітап орталығы және Париждегі баспа үйі аударма жұмысын ұйымдастырып, Қазақ әдебиетінің антологиясын Франция, Швейцария, Бельгия және француз тілінде сөйлейтін тағы 30 шақты елге таратады», – деп атап көрсетті Р.Кенжеханұлы.  
 Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті орыс тіліндегі нұсқаны әзірлесе, Қытай Халық Республикасының Ұлттар баспасы екі жинақтың қытай тіліндегі нұсқаларын даярлайды. Ал араб тіліндегі нұсқаны даярлау міндетін Мысыр Араб Республикасының мәдениет және білім орталығы өз мойына алып отыр. Айта кетейік, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазіргі қазақ әдебиетінің антологияларын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жұмысы қолға алынған болатын. Бүгінде ағылшын, француз, орыс және испан тілдеріндегі жолма-жол аударма жұмысы аяқталып, қытай және араб тілдеріне аудару шаралары жүріп жатыр. «Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тілі – ағылшын, қытай, орыс, француз, испан және араб тілдерінде 70-тен астам ел сөйлейді. Барлығында 2,5 миллиард xалық тұрады. Қазақ әдебиетінің антологиясы екі жинақтан тұрады. Әрбіреуіне 30 автордың шығармасы енді. Демек, проза мен поэзия бойынша 60 автор бар. Әрбір авторға бір баспа табақ беріліп отыр. Сонда әрбір жинақ 400-500 беттің көлемінде болады. Бұл – өте үлкен әрі ауқымды жинақтар. Авторларды Жазушылар одағы іріктеп берген болатын», – деп атап көрсетті Р. Кенжеxанұлы.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<