Қазақ тіліндегі ең ұзын сөз қандай?

430

0

Қазақ тіліндегі ең ұзын сөз қандай? Ана тіліміздің мемлекеттік тіл ретінде орнығуына қарсы адамдардан «Қазақ тілі қолдануға ыңғайсыз. Сөздері қолдан жасалған, тым ұзақ» деген сияқты пікірлерді талай естіп жатамыз. Осыған орай ма, басқа ма, әйтеуір ғаламторда қазақ блогшыларының «Қазақ тіліндегі ең ұзын сөз қандай?» деген дауына тап болдық. Кей адамдар «ең ұзыны» ретінде «қанағаттандырылмағандықтарыңыздан» атты сөзді ұсыныпты. Қарап отырсақ, аз емес екен: 33 әріп. Енді біреулер оның түк емес, дәл сондай әріптен тұратын «зарасыздандырылмағандықтарыңызбен» деген де сөз бар деп бөсіп отыр. Техникаға жақын біреулер шетелдің сөздерін алып келсек одан да ұзын сөз құрастыруға болады деп дәлелін алдыға салыпты. Шынымен де тіл сындырар «ұзын сөздер» тек қана қазақ тілінің пешенесіне жазылған ба екен? 
Сонда, қазақ тілі шынымен де қолдануға қиын тіл ме? Алайда, әлемдік тәжірибеге қарасақ, қазақ тілі сөз ұзындығы жағынан далада қалатын түрі бар екен. Бүгінде барлығы жақсы меңгерген орыс тілі төңірегінде осы тұрғыдағы дау-дамай талай жылдан бері толастамай келеді екен. Мысалы, орыс тіліндегі «ең ұзын» сөздердің тартысында әзірге бірінші орында  48 әріптен тұратын «кокамидопропилпропиленгликольдимонийхлоридфосфат» деген химиялық қосынды тұр екен.
Екінші және үшінші орындарды да химия саласы иемденіпті: «метилпропенилендигидроксициннаменилакриловая» және «никотинамидадениндинуклеотидфосфатгидрин» деген химиялық заттардың атаулары. Орыс тілінің «тазалығы» үшін күресіп жүргендер бұл жарысқа шетелден келген сөздерді қатыстырмау керек, орыс тілінің «байлығы» өзіне жетеді деп зар қақсайды. Бұлардың пайымдауынша, орыс тіліндегі ең «ұзын сөз» атағына 35 әріптен тұратын «превысокомногорассмотрительствующий» ие болады екен. Танымал тілтанушы А.Зализняктың «Орыс тілінің грамматикалық сөздігі» (2003 ж.) орыс тіліндегі ең ұзын сөздер ретінде «частнопредпринимательский» (25 әріп), «человеконенавистничество»,  высокопревосходительство (24 әріптен) дегендерді таныпты.
Ал Орыс ғылым академиясының орфографиялық сөздігі болсағ ең ұзын сөз ретінде «водогрязеторфопарафинолечение» (29 әріп),  «электрофотополупроводниковый» (28 әріп) және импорттық «никотинамидадениндинуклеотидфосфат» (34 әріп) деген сөздерді ұсынып отыр. Бұларымыз аздау болып кеткен шығар деген Ресей депутаттары мен заңгерлері тілтанушылардан да асып түсіпті. 2008 жылы қабылданған сүт туралы заңнамаға 36 әріптен тұратын «ультравысокотемпературнообработанное» деген сөйлем ресми түрде еніпті. Ал егер орысты былай қойып, әлемге назар аударатын болсақ, бұдан до зор «ұзындықтарға» тап боламыз.
Мысалы, неміс тіліндегі «ең ұзын» сөз ретінде көпке дейін бірінші орынды «Donaudampfschiffahrtselektrizitдtenhauptbetriebswerkbauunterbeamtengesellschaft» атты 80 әріптен тұратын сөз иеленіп тұрыпты. Оны қазақ тіліне аударсақ «Дунай параходтығының бас офисінің электр коммуникациялары басқармалараның шенеуніктерінің клубы» деген ұғымды береді екен. Осы күнгі неміс тілінің сөздіктері «ең ұзын» сөз ретінде әріптік тұрғыдан екі есеге қысқарған «Rechtsschutzversicherungsgesellschaften» деген сөзді атайды. Бұның аудармасы «заңдық көмек көрсететін сақтандыру компаниялары» дегенге саяды. Ағылшын тіліндегі «ең ұзын» сөз ретінде 45 әріптен тұратын силикоз атты аурудың түрінің аты болып табылатын «pneumonoultramicroscopicsilicovolcanokoniosis» атты сөз көрсетілген.
 Ағылшын тілінің ең таза үлгісіндегі «ұзын сөз» ретінде 29 әріптік «floccinaucinihilipilification» деген етістік аталады. Исланд тіліндегі «ұзын сөз» «Жоғары соттың қорғаушысы қызметін атқарушы» деген ұғымды білдіретін «HAECSTARETTARMALAFLUTNINGSMAUOR» деп аталады. Батыс Еуропа елдерінен олардың шығыстағы бауырлары да қалыспай келеді. Мысалы, хорват тіліндегі ұзындығы жағынан чемпион-сөз «PRIJESTOLONASLIJEDNIKOVICA» екен.
Оны «тақ мұрагерінің әйелі» деп аударуға болады. Словак тілі «ұзындық жарысына» 31 әріптік «najneobhospodarovavбtenejieho» атты сөзді ұсынып отыр («кристаллизациялауға мүлдем сай келмейтін» деген мағынада). Ағайындас түрік тіліндегі ең «ұзын сөз» 43 әріптен құралады екен: «ЗEKOSLOVAKYALILASTIRAMADIKLARIMIZDANMISINIZ».
Ұзын сөздің қысқасы, қазақ тілінің байлығы кез келген күрделі ұғымды түсіндіріп, басқаға жеткізу үшін толық жарайды. Біз оны дұрыс пайдаланып, қажет болса шеттен келген терминдермен байытудан қашпауымыз керек. Ал «қазақ тілінің сөздері тым ұзақ, айтуға, жазуға келмейді» дейтінтерге осы мысалдарды келтіре беруге болады.

Дереккөз: abai.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<