Қожықовтар десе, көпшілік оқырманның есіне «Қыз Жібектің» режиссері Сұлтан Қожықов түсуі бек мүмкін. Ал оның ата-анасы Қоңырқожа пен Ләтипа, ағалары: Қожахмет, Құлахмет, Нұрахмет жайлы білеміз бе?
Қоңырқожа Қожықов “Әліппе” даярлаған
Қожықовтар әулетінің отағасы Қоңырқожа Қожықов – Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, ХХ ғасырдың алғашқы жалдарындағы ұлт мүддесі үшін белсене қызмет атқарған қоғам қайраткері, ағартушы, ғалым.
Ол 1880 жылы қазіргі Қызылорда облысында орта шаруаның отбасында өмірге келеді. Негізгі кәсібі малшы. Бірақ 1930 жылы өз үстінен тергеу жүргізгендерді адастыру мақсатында болса керек, ол шыққан тегіне байланысты: «Мен шыққан тегім жағынан қазақ та, қырғыз да, өзбек те, түрікмен де емеспін, мен қожамын» деп көрсеткен екен [1]. 12 жасында Перовскідегі қалалық училищеге барып, оны аяқтаған бетте Ташкенттегі мұғалімдер даярлайтын семинарияға оқуға түседі. 1904 жылы оны аяқтап, сол жылы күзде Самарқан облысындағы Үргіт деген ауылда мұғалімдік қызметке орналасады. Қоңырқожа Қожықов өз мамандығын сүйген, білікті ұстаз болған. Оның қазақ балалары үшін даярлаған «Әліппесі» – соның айғағы. Ол әліппенің сол кездегі араб графикасынан басты айырмашылығы – сөздер қалай айтылса, солай оқылатын болды. Араб графикасындағы сияқты дауысты дыбыстарды тастап кету болған жоқ. Бұл әліппені Түркістан облыстық оқу-ағарту бөлімі қолдап, осы кітапты шығаруға арнайы шешім қабылданады. Бұл 1912 жыл еді [2]. Осы жылы Ахмет Байтұрсынов та өзінің әліппесін дайындап, шығарды. Қоңырқожа мен Ахметтің таныстығы осы жылдан басталған екен.
Кейін Қоңырқожа Санжар Асфендияровпен бірге Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтының негізін қалаушылардың бірі болды. Ол осы Ғылым академиясының Қазақ филиалында қызмет ете жүріп, Жетісу өңіріндегі көне тарихи қорғандар мен ескерткіштерді зерттеу экспедицияларына қатысты, Орхон жазуы, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Ақтас мазарлары туралы ғылыми еңбектер жазып, оларды мемлекет тарапынан қорғауға алу туралы мәселені көтерді. Сонымен қатар Қазақстанның Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қоры бөлімінде қызмет атқарып, Сайрам қазба орнынан Сүлеймен Бақырғанидың «Хикмет хазірет Сұлтан әл-ғарифин» қолжазбасын табуға атсалысқан. Сондай-ақ, Қоңырқожаның «Түркістан уалаяты» газетіне «Жаяу Қоңыр» деген бүркеншек атпен бірнеше мақалалары жарияланып тұрды [3].
Қоңырқожа Қожықов Түркістан және Алаш ұлт-азаттық қозғалыстарына да белсене қатысқан. 1917 жылы 12 орыннан тұратын Түркістан автономиясының уақытша үкіметі бекітілгенде, Қоңырқожа Қожықов министрлер кеңесінің жауапты хатшысы болды. Осылайша Мұхамеджан Тынышаев, Мұстафа Шоқайлармен бірге қоян-қолтық жұмыс істеді [5].
1925 жылы Қазақстан Кеңестер съезінде көтерілген қазақ даласындағы ұлттық бірлік, ұлттық мемлекеттілік түріндегі алаштық идеяны Түркістанда іске асыру үшін ұлт мүддесін ұлықтап, тәуелсіздік идеясын Түркістан өлкесіне тынбай насихаттаған қайраткерлердің бел ортасында да Қоңырқожа жүрді. Ол 1926 жылға дейін түрлі кеңестік қызметте болады[6]. Солайша ұлт-азаттықтың белсенді мүшелеріне қарсы бағытталған қуғын-сүргін оған да жетеді. 1938 жылы «Халық жауы» деп ұсталып, ату жазасына кесіледі.
Жалпы Алтайбектен бастап Қожық, одан Қоңырқожа – бәрі де өнерге, білімге жақын жандар болған. Қожық бабасының әйелі атақты Әбілқайыр ханның ұрпағы Ерім төре Қасымовтың қызы, ал Қоңырқожаның әйелі – есімі ел аузында жүрген Лапындар әулетінен шыққан Ләтипа [3].
Ләтипа Қожықова: “Түймелеріңе ғашық болғанмын”
Ләтипа Қожықова – сән және қолданбалы өнер шебері, Қазақстан, КСРО Суретшілер одағының мүшесі.
Ләтипа Мұңайтпасқызы 1892 жылы қазіргі Сырдария ауданының Қоғалыкөл ауылында туған. Әкесі Мұңайтпас Әндіжандағы «Кеңтүп» ауылында болыс болған беделді адам. Ол өз заманының озық ойлы адамы ретінде ауылында «Хан» мектебін ашқан. Қызы Ләтипа осы мектепте білім нәрімен сусындап өседі. Бұл 20 ғасырдың басы еді. Сол мектепке сабақ беруге осы өңірде туып-өскен, парсы, араб, шағатай сияқты көптеген тілді меңгерген, сұңғыла ойлы, өткір көзді жігіт Қоңырқожа мұғалім болып орналасады [3]. Өнерлі әулеттің қос шынары осылайша танысып, табысады.
Бірақ араларында айтарлықтай әлеуметтік айырмашылық болған. Қоңырқожа мұғалім болғанымен кедей, ал Ләтипа өте дәулетті, байдың қызы. Сондықтан олардың қосылуына әке тарапынан қарсылық болып, екеуі ауылдан қашып шығады. Оларға Ләтипаның туған ағасы Серәлі көмектесіп, басқа уезге барып жұмысқа орналастырады. Ол кісі де этнограф, ғалым, қайраткер болған.
“Атам Қоңырқожа шенеуніктер сияқты әдемі киінетін болған. Шекпенінде алтындай жарқыраған түймелері болыпты. Ләтипа әжем атама «Саған осы түймелеріңе бола ғашық болғанмын» деп әзілдейді екен”,– дейді немересі Сәуле Қожықова Білім және мәдениет арнасына берген сұхбатында.
Осылай табысқан қос ғашық Орта Азияны түгелдей дерлік шарлап шығады. Үлкен ұлдары Қожахмет Қызылордада, Құлахмет Түркістанда, Нұрахмет Шымкентте, Сұлтанахмет Жамбылда дүниеге келген.
Соған қарамастан Ләтипа Ташкенттегі қазақ педогогикалық училищесіне түсіп, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады. Үйірме мүшелерінің күшімен 1921 жылы “Шығыс кештері” ойын-сауық бағдарламасы бойынша әзірленген “Біржан – Сара” спектаклінде Сараның анасының рөлін ойнайды. Ләтипаның суретшілік шеберлігі 1925-26 жылдары қазақ драма театрында, 1936-58 жылдары Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында еңбек етіп жүрген кезде ерекше көзге түседі. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнеріннің алғашқы онкүндігіне қатысады. Ләтипа Мұңайтпасқызының мемлекет тапсырысымен тіккен костюмі АҚШ-тың отыз екінші президенті болған Франклин Рузвельтке сыйға тартылған екен. Олар қазір Құрама Штаттардағы Рузвельт музейінде сақтаулы тұр [3].
Ләтипа Қожықова негізінен театр костюмдерін тігумен айналысқан. С.Қожамқұлов, К.Байсейітова, К.Жандарбеков, Ұ.Тұрдықұлова, С.Майқанова сынды әйгілі әртістердің сахнаға жарқырап, жайнап шығуына бар өнерін салған.
1938 жылы Қоңырқожа тұтқындалып, 58 жасында өмірден өтеді. Жары Ләтипа Қожықова жанына түскен жарадан жазыла алмаса да, қиындыққа мойымай, балаларының білім алуына жағдай жасап, тұлға дәрежесіне жеткізіп қана қоймай, өз шығармашылығын да дамытып кетті. Шебер ана өзінің төрт ұлын халқы үшін еңбек етуге, мәдениеті мен өнерін ұғынып, оны қастерлеп шыңдауға үйретеді. Сондай тәрбиенің жемісі болар, Қоңырқожа мен Ләтипа Қожықовтардың ұлдары Қожахмет, Құлахмет, Нұрахмет, Сұлтанахмет Қожықовтар қазақ өнерінде өзіндік өрнегі қалған тұлғалар болды.
Қазақстандағы тұңғыш суретші-график, карикатура және плакат жанрының негізін салушы
1910 жылы дүниеге келген Қожықовтардың үлкені Қожахметтің есімі Қазақстандағы кәсіби бейнелеу өнерінің қалыптасуымен байланысты. Ол 1926 – 28 жылы Мәскеудегі мемлекеттік жоғары көркемөнер техникалық шеберханасында оқыған. 30-жылдары салынған «Егін орағы», «Газет оқу» атты ұжымшар тыныс-тіршілігін көрсететін туындылары, «Алқызыл моншақты келіншек», Жамбыл Жабаевты бейнелеген «Ақын толғанысы» атты картиналары ұлттық бейнелеу өнерінің алғашқы қарлығаштары саналады. Қожахмет Қожықов Қазақ мемлекеттік драма және опера театрлары спектакльдерінің алғашқы суретші-безендірушісі болды. Өзінің адал еңбегінің арқасында СССР Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстандағы тұңғыш суретші-график, карикатура және плакат жанрының негізін салушы болды. Қожахмет Қоңырқожаұлы Қазақстанда көркемсурет галареясының ашылуына бірден бір ықпал еткен жан [7]. Алайда репрессия оны да айналып өткен жоқ. 1938 жылы Қазақстанның орталық музейінде, ұлттық мәдениет институтында бас суретші болып қызмет атқарып жүргенде тұтқындалған. Бірақ денсаулығына байланысты 1944 жылы абақтыдан босап шығады.
Азаттыққа шыққаннан кейін 1944–53 жылдар аралығында «Қазақфильм» киностудиясының декораторы болды. Сонда жүріп заманыныа тән өзекті тақырыптарды қамтыған жүзден астам сатиралық линогравюралар жазды. Нәзік сыршылдыққа тұнған «Жайлауда», «Кешқұрым», «Қызыл көш», «Шабындық», «Асы жайлауына барарда» атты акварельмен орындалған туындыларды өмірге әкелді. «Мың бір түн» сынды кітаптарды көркемдеді.
Қожықовтардың тұңғышы 43 жасында айықпас дерттен дүние салды[8].
«Қыз Жібек» фильмінің алғашқы эскиздерін салған адам
Әкелері атылып, ағалары айдалып кеткен уақытта Қожықовтар әулетінде үйдің үлкені, анасының арқа сүйері болып, екінші ұлы Құлахмет қалады. Құлахмет Қожықов – қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар сахна көркемдеуші, кино суретшісі, кескіндемеші, сондай-ақ кітап графикасымен қатар қазақ халқының дәстүрлі өнерін зерттеген кемеңгер тұлға.
Құлахмет Қожықов 1914 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Ол шығармашылық жолын 1932 жылы қазақ драма театрының суретші-безендірушісі ретінде «Абай» спектакілін қоюдан бастаған еді. Мұрағат деректеріне сүйенер болсақ, Құлахмет Қожықов Абай образын аша алу үшін ақынның туған жері Семей облысына барып, көптеген мәліметтер жинап, сол даланы, сол атмосфераны өзіне тән бояуымен жеткізуге тырысқан. Бұл кезде ол он сегіз жаста ғана болатын. Он тоғыз жасында «Еңлік-Кебек» спектаклін безендірді. Құлахмет Қоңырқожаұлының театрдағы еңбегі Ұлы Отан соғысына дейін жалғасты [9].
“Менің әкем, інілері Нұрахмет пен Сұлтанахмет – бәрі соғысқа қатысқан. Нұрахмет басынан қатты жарақат алып, нәтижесінде сал ауруына ұшырады. Ол өте дарынды мүсінші еді. Оның Ұлы Отан соғысы батырларына арналған еңбектері бар. Сұлтан аға панфиловшы болған жауынгер. Біздің отбасы – түгелімен қаһарман-батыр болған жандар”,- дейді Сәуле Қожықова сұхбатында.
1941 жылы соғысқа аттанған Құлахмет 1942 жылы республика үкіметінің шақыруымен кері оралады. Оған Алматыдағы Біріккен орталық киностудияда киносуретшілік кәсібі табысталады. Құлахмет Қожықов осы орталықта жүріп, әйгілі режиссер Григорий Рошаль түсірген «Абай әні» фильмін, ұлттық кинематографияның алтын қорына енген «Алып туралы жыр», «Жамбыл», «Алдаркөсе», «Домбыра үнімен», «Менің атым Қожа», «Атамекен», «Қыз Жібек» сынды көптеген киноленталардың қоюшы-суретшісі болды. Ол туралы «Алдар Көсе» туындысының қоюшы-операторы болған Марк Беркович кейін өз күнделігінде былай деп жазады:
«Алдар көсе» фильміндегі картинаның екіпнді тұстарының бірі Түркістан базарындағы көрініс болатын. Ол Қожа Ахмет Йасауи мавзолейі жанынан орын тепкен базар еді. Кино түсіру кезінде бұл көне ескерткіштерді қайта қалпына келтіру жұмыстары әлі басталмаған еді. Сонда алыс дәуірді өз атмосферасымен, жанданған көңіл-күймен, сауда-саттық жасап жүрген жандардың күллі алабажақ, алуандылығын қалпына келтіру үшін Құлахмет Қожықов қаншама тарихи болжағыштық танытты десеңізші?! Оның сәулет өнерін егжей-тегжейлі зерттеп жасалған эскиздерін Шәкен Айманов ризалықпен бекіткен еді» [4].
Құлахмет Қожықов кино өнеріндегі тұңғыш ұлттық қоюшы-суретші ретінде Абдолла Қарсақбаев, Шәкен Айманов, інісі Сұлтан Қожықов және басқа да шеберлермен тізе қоса жұмыс істеді. Ол «Қыз Жібек» фильмінің алғашқы эскиздерін салған адам. Бірақ артынан сценарий авторымен арада келіспеушіліктер туады. Ол туралы тарихшы Бейбіт Қойшыбаев «Өмір.Театр.Кино» бағдарламасына берген сұхбатында:
«Ғабит Мүсірепов фильмнің сценарийін жазды. Ол кісі Жібектің рөліне өзінің жары, белгілі әртіс Рая Мұхамедиярованы белгілеген екен. Бірақ жас қыздың рөліне ол кісінің образы келмейді ғой. Сол тұрғыдан келіспеушілік болған екен. Оған Құлахметтің әсері болуы ғажап емес, өйткені ол Жібектің, Төлегеннің бейнесін қалай елестететінін эскизінде жазды»,-деп пікір білдірген екен.
Осыдан кейін Құлахмет Қожықов бұл фильмде істеуден бас тартады. Оның себебін қызы Сәуле Қожықова былай деп түсіндіреді:
“Әкем осындай дау-дамайдан кейін бұл фильмде ары қарай жұмыс істей алмайтынына көзі жетіп, бас тартты. Мүмкін ол оның әулетінің басына түскен репрессияның зардабы да болған шығар. Әкем жеке адамға табынуға қарсы болды. Бір адамға бола тарихты бұрмалауға болмайды деген еді. Сөйтіп фильмнің қоюшы-суртешісі болудан бас тартты. Бірақ туындыға арнап салған эскиздері фильмге енді” [4].
Осыдан кейін Құлахмет Қоңырқожаұлы жастайынан жинақтаған мол білімі мен бай тәжірибесінің арқасында «Қазақтардың қолөнері» деген ғылыми-танымдық фильмнің сценарийін жазып, 1957 жылы режиссер Абдолла Қарсақбаевпен бірге осы фильмді түсіреді. Ал 1970 жылы Алматыда Республикалық ұлттық қолданбалы өнер мұражайы ашылғанда, оның директоры болды.
Құлахмет Қожықов қазақтың нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтарынң бірі болған. Оған дәлел – суретші жасаған кітап иллюстрациялары. Ол 1949-54 жылдары «Қазмемәдеббаспасында» (Қазақстан Мемлекеттік әдебиет баспасында) басты суретші қызметін атқарды. Ол бұл қызметінде кітаптарды ұлттық нақышта безендіре білуімен ерекшеленді. Оның графикалық туындылары өткен уақыттың жағдайын жаңа заманға аса күрделі идеямен жеткізе білуімен ерекше көзге түсті. Сондай-ақ суретші баспаның бас суретшісі ретінде Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Ыбырай Алтынсарин және Тарас Шевченко сынды тұлғалардың туындыларымен араласа отырып, иллюстрацияларымен жұмыс жасауды қолына алған [9].
Құлахмет Қожықовтың өнер туындылары өз құндылығын жойған жоқ. Оның бай мұралары туралы опера және балет театрының суретшісі Орынбасар Жаңбыршиевтің айтуы бойынша, опера және балет театрының қызметкерлері 1986 жыл Германияға баратын болып, «Абай» операсының кейбір костюмдерін қалпына келтіру кекрек болады. Сол кезде Қожықовтың сызбаларын басшылыққа алынады. Құлахмет Қоңырқожаұлы жасаған «Абай» операсындағы антрактілік шымылдық әлі күнге дейін театр музейінің архивінде сақталған.
Он саусағынан өнер тамған мүсінші
Қожықовтардың үшінші ұлы – Нұрахмет Қожықов та өнерден құр алақан болған жан емес. Ол қазақтың алғашқы мүсіншілерінің бірі болып, бірқатар скульптуралық жұмыстарды өмірге әкелді. Майданнан алған ауыр жарақатына байланысты науқасты болса да ол өнерді тастаған жоқ. Оның өнерлі он саусағынан туған туындыларының көпшілігі бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан [7].
“Қыз Жібекті” түсірген режиссер
Қожықовтар әулетінің сүт кенжесі Сұлтанахмет Қожықов – қазақтың көрнекті режиссері, Қазақ ССР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, киномотографистер одағының хатшысы және көркемдік жетекшісі, бірнеше мемлекеттік наградалардың иесі.
1923 жылы өмірге келген Сұлтанахмет бала кезінен авиация саласында коструктор болуды армандайтын еді. Сол іспен айналысып, үлкенді-кішілі жетістіктерге жеткен болатын. Алайда әкесі «Халық жауы» есебінде ұсталып кеткендіктен, Сұлтан авиация саласының ережесіне сәйкес оқуға қабылданбай қалады. 18 жасында майданға аттанып, Сегізінші гвардиялық панфиловшылар дивизиясының қатарында соғысты.
Майдан даласынан оралған соң ағасы Құлахметтің кеңесімен ол Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының режиссура бөліміне түседі де, белгілі ұстаз Александр Довженкодан шеберлік сабақтарын алады. 1952 жылы оны сәтті аяқтап, Алматыға оралды. Осы жылы «Қазақфильмнің» режиссері, 1974 жылдан бастап студияның көркемдік жетекшісі болды. Оның талантынан туған «Наша лето», «Девушка-джигит», «Ана мен бала», «Біз Жетісуданбыз», «Жартастағы шынар», «Бізді танып қойыңдар» деп аталатын кесек туындылары – қазақ киносының алтын қорынан орын алатын, қазақты әлемге паш ететін ғажайып дүниелер [7]. Ішіндегі ең шоқтығы биік туындысы – «Қыз Жібек» фильмі. Ол осы туындысы арқылы қазақтың ұлттық болмысын, ұлттық нақыштағы көріністерін, үй-тұрмыс жағдайларын, үлкен мен кішінің қарым-қатынасын көрсете білді. Олардың арасындағы сыпайылық, кішіпейілділік, сыйластық, адамгершілік, мейірімділік қасиеттері осы кино арқылы көрініс алды. Қазақтың нағыз қыз-жігіті қандай болатынын, бір-біріне деген сүйіспеншілікті, махаббатты кино кейіпкерлері арқылы жеткізе білді. Сұлтанахмет Қожықов туралы осы фильмде Қыз Жібекті сомдаған танымал актер Меруерт Өтекешова:
«Сұлтан ағаның қолына түскеніме мен өзімді өте бақытты санаймын. Ол кісінің бізбен қалай жұмыс істегені әлі күнге дейін көз алдымда. Сұлтан аға маған үлкен мектеп болды. Дайындық кезінде көп сөйлемейді, көзіне қарап-ақ не керек, қалай ойнау керектігін бірден түсінеміз»,- деп еске алады [8].
Сұлтанахмет Қожықов өмірінің соңғы жылдары қос батыр – Қажымұқан Мұңайтпасов пен Иван Поддубныйдың достығы туралы фильм түсіруді ойлаған. «Бізді танып қойыңдар!» («Знай наших!») атты фильмге режиссер ұзақ уақыт бас кейіпкерлерді таңдап жүрген екен. Ақыры Алеухан Бекболатов пен Дмитрий Золотухинге тоқтаған режиссер оларды бірнеше айға оқуға олимпиада мектебіне жіберген. Онда кейіпкерлер француз күресіне үйреніп, шыныққан. Режиссердің ойы бойынша бұл фильм үш бөлімнен тұру керек еді, алайда көрермен Қажымұқан фильмінің жалғасын көре алмады. Қазақтың бағына біткен талантты режиссер 1988 жылы 14 наурызда Алматы қаласында дүние салды [10].
Қазақ өнерінде ойып тұрып орын алатын Қожықовтар әулеті, міне, осындай болған. Әлбетте, олардың еңбегі ұлтын ұлықтай алатын ұрпақ бар кезде ешқашан ұмытылмайды. Қожықовардың туындылары бүгінде Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында, Орталық мұражайда, Ұлттық кинематография туындыларының қорында, Қарақалпақстанның бейнелеу өнері мұражайында, сондай-ақ, Сұлтанахмет Қожықовтың жеке қорында сақтаулы тұр [11].
Дереккөздер:
- ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан, Б.Сүлеев, Д.Ысқақов, Ә.Мұңайтпасов және басқаларының тергеу ісі. 4 томдық -4т. 544-567 б.
- Қожықов Қ. Әліппе. – Орынбор, 1912.
- Дайрабай Т. Қоңырқожа мен Ләтипа // Ұлттық кітапхана №2(4), 2010.
- Керімқұлқызы Л. Мәуелі әулет // Өмір.Театр.Кино // Білім және мәдениет арнасы
- Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы, 444-445 б.
- Тұрсын Х. Қоңырқожа Қожықов – ұлттық элитаның көрнекті өкілі // Ұлттық кітапхана №2(4), 2010.
- Тоқтамұратқызы Б. Қожықовтар қолтаңбасы // Сыр бойы, 16 қараша 2013.
- Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005
- Дауылбайқызы Ж. Құлахмет Қожықов шығармашылығының төрт қыры // Мәдениет №5(44) мамыр 2010.
- Сұлтан-Ахмет Қоңырқожаұлының 90 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті. http://el.kz/m/articles/view/content-29971
- Тоғысбаев Б. Сужикова А. Тарихи тұлғалар. Танымдық – көпшілік басылым. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009
Дереккөз: https://baribar.kz/40140/qazaqqa-bergeni-koep-qozhyqovtar-auleti-turaly-ne-bilemiz/
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<