«Қазақфильм» киностудиясы «Қасым хан» атты ауқымды тарихи сериалға актерлер арасында кастинг жариялады. Аталған кинотуындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсіреді, – деп хабарлайды BNews.kz киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көпсериалы киножоба қазақтың ұлы хандарының бірі – Қасым ханның өмірі туралы баяндайды.
Жобаның көркемдік жетекшісі – «Жаужүрек Ертұрғыл» сериалын түсіріп жатқан түрік режиссері Метин Гюнай.
«Басты рөлдерге, қосалқы және эпизодтық рөлдерге 3 және 80 жас аралығындағы барлық қазақстандық (балалар, ер адамдар мен әйелдер) қатыса алады (ер азаматтардың бойы 180 сантиметрден кем болмауы тиіс). Басты талап – қазақ тілінде еркін сөйлеуі керек», – делінген хабарламада.
Алматы қаласында кастинг жұмыстары 25 қаңтардан басталады. Мекенжайы: Алматы қ-сы, Әл-Фараби даңғ., 176, «Қазақфильм» киностудиясы, «ПЛК» ғимараты, 2-ші қабат, 252 кабинет. Жұмыс уақыты – күнделікті сағат 10.00-ден кешкі 22.00-ге дейін.
Сондай-ақ, kazakhfilmcast@gmail.com электрондық поштасына жақыннан бет бояусыз, көзілдіріксіз және линзасыз, бас киімсіз, өңделмеген фотосуреттерді (селфи емес), сондай-ақ тұла бойы көрінетін бір сурет және өзі туралы қысқаша ақпаратты (аты-жөні, жасы, бойы мен салмағы, білімі және кинодағы тәжірибесі туралы) жолдауға болады.
«Қазақфильм» киностудиясының өкілдері әйелдер қауымынан кастингке бет бояусыз және жасанды кірпіксіз келулерін сұрап, татуажы бар қыз-келіншектерді қабылдамайтындарын ескертті.





