Қазалыда депутаттар марапатталды

378

0

Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына биыл тура ширек ғасыр болды. Мәслихат – халық пен билік арасын берік жалғап, әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды келісе атқаруға арналған ашық алаңға айналды. Бүгін тарихи датаға орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында салтанатты жиын өткізіліп, табысты еңбек еткен халық қалаулылары мен бірқатар азаматтарға құрмет көрсетілді.
Басқосуда аудан әкімі Мұрат Ергешбаев алдымен көпшілікке Әйтеке би кентінің әкімі болып жаңадан тағайындалған Қайрақбай Орынбасаровты таныстырды.
Мұнан соң жиынға қатысушыларды Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 25 жыл толуымен құттықтады.
– Ел тағдыры жолында қандайда бір маңызды қызмет болмасын оның өмірлік өлшемі, жеткен жетістігі таразыға түсіп отыратын кезең болады. Бүгін біз тағы бір айтулы белестің куәсі болып отырмыз. Бұл – Қазақстан Республикасының жергілікті өкілетті органдары – мәслихаттарға 25 жыл толып отыр. Мәслихат құзыретіне заңмен жатқызылған міндеттерді талап деңгейінде орындай отырып, халықтың сенімі мен үмітін адал ақтауда және елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси тұрғыдан жан-жақты дамуы жолында қоғамды барынша жұмылдыруда халық қалаулылары беделді күшке айналды. Әрине, халықтың өзі сенім білдіріп, аманат артқан көптеген депутат бүгінде халықтың сыйлы азаматтары. Нағыз халық қалаулысына айналу оңай емес, бұл – елге деген шексіз мейірім, білім мен тәжірибе, іскерлік қабілетпен келетін абырой, – деген Мұрат Нәлхожаұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін барлық шақырылым депутаттарына ризашылығын білдірді.
Салтанатты шарада Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 25 жыл толуына орай бірқатар депутаттар мен азаматтар Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының «Құрмет Грамотасымен», Қазақстан Халқы Ассамблеясының, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының, облыс әкімінің, облыстық мәслихат хатшысының, аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Марапаттарды аудан әкімі Мұрат Ергешбаев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Күнтілес Назымбеков тапсырды.
Аудандық мәслихат депутаттарының ширек ғасырда атқарған жұмыстары туралы аудандық мәслихат хатшысы Күнтілес Назымбеков айтып берсе, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп пен «Сыр маржаны» ЖШС директорының орынбасары Талайлы Бөріқұлақов мерекелік құттықтауларын жеткізді.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<