Қазалылықтар тартуы

312

0

 Өткен сенбі күні Байқоңыр қаласы тұрғындарын әлеуметтік жағынан қолдау  мақсатында  Қазалы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен ауылшаруашылығы тауарлары өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеде қазалылықтар қала тұрғындарына ет, сүт өнімдері мен күріш, сонымен бірге нан,балық және кондитерлік өнімдерді базар бағасынан 10 пайызға арзанға ұсынып, ел ризығына бөленді. 

Нақтысын айтқанда, байқоңырлықтар «Сыр маржаны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі диқандары өндірген күріштің келісін 225 теңгеден,  Тасарық, Басықара ауылдық округтерінен әкелінген балықтың келісін 160-800 теңгеден,  Қарашеңгелден келген қой және сиыр етінің келісін 1300 және 1400 теңгеден,  Көларық пен Бозкөл, Мұратбаев ауылынан әкелген картоптың келісін 70-80 теңгеден, ал Сыр бойы елінің бренді атанған «Қазалы» кәмпитін 600 теңгеден сатып алып жатты.

Сонымен қатар, қала тұрғындары «РЗА» АҚ ұсынған  түрлі ауылшаруашылығы тауарлары өнімдеріне кезекке тұрып,  өнімнің сапасына аса ризалық танытты.

–Міне,  Байқоңыр қаласында өтіп жатқан жәрмеңкеге «РЗА» АҚ және «Қазалы кәмпит» ЖШС, сондай-ақ ауданға қарасты 16 ауылдық округтен келген шаруашылықтар  2 тонна сүт, 1 тонна 200 келі түрлі балық, 1 тоннаға жуық ет және басқа да нан, кондитерлік өнімдерін, көкөністер мен түрлі бақшы дақылын әкелді. Жәрмеңкеге келуші қала тұрғындары өте ризалықпен қазалылықтар ұсынған ауылшаруашылығы тауарларын сатып алуда. ЖҚазыл өңірінде туып-өсіп, бүгінде осы қалада  тұрып жатқан жерлестеріміз де келіп, ауылдың дәмін татайық деген сағынышпен  картоп, ет пен балықты қолжетімді бағамен сатып алып, отбасындағы дастархан мәзірін толтыруда, –  дейді бізге берген сұқбатында Қазалы аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Өтеп-Әлі Өміртай Жалғасұлы.

Иә, сол күні базар бағасынан едәуір арзан бағаға ауылшаруашылығы тауралары өнімдерін сатып алған байқоңырлықтар осындай игі істі ұйымдастырушыларға аса ризашылықпен алғыстарын айтып, тарқасты.

 

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,

 

Байқоңыр қаласы.

  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<