Азамат асқан асулар

4

0

Қазақтай дана халқымызда уақыттың талай сынынан өтіп, ұлттық ұстанымға айналған «тарихты тұлғалар жасайды» деген қағида бар. Тұлға – интеллект, ақыл, парасат иесі. Тұлғалық ерекшелік тәрбиеге де, текке де байланысты болса керек. Алдағы әңгіме бір әулеттен шыққан әкелі-балалы екі тұлғалы азамат хақында болмақ.

2005 жылы «Жақсы адам – елдің ырысы, жақсы жер – жанның тынысы» атты Нәлқожа Ергешбаевтың естеліктер жинағы жарық көрді. Естелікте Нәлқожа ағамыздың ата-тегіне қатысты ағасы Әбдірахым Ақбалаев айтатын мынандай шежіре дерегі бар: «…Біз сөз еткелі отырған Қоңыраттың Божбан аталығы бүгінде Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында кең қоныстанған іргелі ру саналады. Оның 8 баласы болған… Біз Биболдан тараймыз. Бибол өз кезінің беделді кісісі болған, одан бес бала туған. Олар: Тауасар, Байжан, Үсенбай және Ұлымбет. Ал Үсен­байдан Дүйсе, Ақбала, Сәду деген үш ұлы болған… Нәлқожаның кескін-келбеті Дүйсе биге келеді. Желкесінде дағы болған бидің болмысы оған да қона қалғандай еді. Топқа төрелік жүргізген парасаттылығы да жұқты. Сөз мәнері, сөйлеу мәдениеті әкесі Ақбаладан аумайды. Қазақ «ұқсамаса-тумағыр» деп жатушы еді, дәл осы теңеу Нәлқожаға да қатысты болды. Жақсы қасиеттер бойына бекіп, ха­лықтың ырзығына айналды. Қолдан келсе жақсылық жасауға ұмтылып тұ­ратын кең көзқарастың адамы-тұғын. «Елді сыйлағаның – өзіңді сыйлаға­ның» деген табиғи тебіреніс тебіндеп тұратын. Мен білетін Нәлқожа сондай еді» деп толғайды. Осында сөз етілген Дүйсе би жайлы жинақта «Ақ Үйік» ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ә.Асанов «…жалпы, Дүйсе теріскей мен күнгейге би болған, беделді кісі ретінде танылған. Кәм­песке кезінде Тәжікстаннан ұсталып, Карлагқа қамалды. Сөй­тіп, 1944 жылы қайтыс бо­лыпты. Тұқымды осындай атақ­ты адамдар құрайды. Сол сияқты Нәкең, Нәлқожа бір рудың ғана емес, бүкіл Сыр бо­йының мақтанышына айналды… Ол кісі кі­сілікті емес, кіші­лік­ті, ірілікті емес, ілге­рі­лік­ті бо­йына сіңіргенімен сипатталады. Оны биікке көтерген де осы мықтылығы еді» деп еске алады.

Нәлқожа Ақбалаұлы 1954-1960 жылдары Аралдағы МТС-те инженер-бақылаушы, Аламесек МТС-да бас инженер, директор, 1960-1974 жыл­дары «Обл­авторгмаш» мекемесінің бас­­тығы, «Казсельхозтехника» облыс­тық бірлестігінің төрағасы, 1975-1992 жылдары аралығында Сырдария ау­данында атқару кеңесінің төрағасы, екі мәрте аудандық партия комитеті­нің бірінші хатшысы, аудандық халық депутаттары атқару кеңесінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Ағамыз жайында жазылған мақалалар мен естелік кітаптарды сараптап қарасақ, ол кісі аудан басқарған жыл­дары ауыл­шаруашылық техни­каларын жөндейтін типтік шеберханалар, жаңадан авто­база, техникалық қызмет көрсететін орындар салдырып, мал шаруа­шылығына механикаландыру жүйесін енгізген. Айтқандай, сол жылдары Н.Ергешбаевтың «Күріш өндіруді мамандандыру және шоғырландыру» атты монографиясы басылып шыққан болатын. Бар саналы ғұмырын Сыр елінің өркендеуіне сарқа жұмсаған арда азамат аталған кітабында өмірлік бай тәжірибесімен, тың идеяларымен және оларды қалай іске асыруға бола­тынын саралаған жобаларымен бөліседі.

 Шаруашылықтарды жаңа жағдайға көшіру мәселесі қаржы тапшылығымен қоса сол кездегі сеңдей сірескен ком­партия идеологтарының қатаң бақы­лауы тұсында қиынның қиыны еді. Саяси ахуалдың бұл жағы тарихшы ретінде бізге көбірек аян. Нәлқожа ағамыз қай қызметте болса да тоқ­тамаған да, толастамаған екен. Соның арқасында еңбегі еленіп, бірнеше мәрте СОКП Орталық Комитеті мен ҚазКСР Орталық Комитеттері Пленум­дарына делегат болып сай­ланды. Ол сондай-ақ «Құрмет белгісі», «Октябрь революциясы», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және басқа бірнеше медальмен марапат­талды. «Қазақ КСР-на еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері» төсбелгісінің иегері атанды.

«Қандағы бар тектілік, шықпай қоймас еп қылып» дегендей елге ерен еңбегі сіңген әкесінің орнын баласы, алпысты алқымдаған Мұрат Нәлқо­жаұлы басты. У.Шекспир кезінде «өзінің баласын таныған әке ғана данышпан» деген екен. Әке Нәлқожа Мұрат баласының ерекшеліктерін сезіне отырып, оның мемлекеттік қызметке ауысуына себепкер болған. Сөйтіп, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын бітірген Мұрат Нәлқожаұлы Халық банкінің облыстық филиалы дирек­торы қызметінен айлығы бірнеше есе кем мемлекеттік қызметке ауысады. Әр жылдары мемлекеттік қызметтің тәжірибелерін бойына сіңіре отырып, көптеген асуларды еңсеріп келеді.

 Адамды тану үшін онымен араласу керек. Жақын араласқанда білгенім – Мұрат Нәлқожаұлы дүниеге қызық­пайтын, сөзге сараң, мақтау сүймейтін, өміріне адалдық пен тазалықты ту еткен жан. Сыр өңірін басқарған 5 әкімнің оған үлкен сенім көрсетіп, Қызылорда қаласы мен 4 ауданның әкімі лауазымына тағайындауы содан болса керек.

Облыс орталығы Қызылорда қала­сын әлемдік қаржылық дағдарыс туын­датқан сындарлы кезеңде бас­қарған ол экономикалық тұрақ­ты­лықты сақтап, әлеуметтік-саяси тұрақ­тылықты қамтамасыз ету мақсатында көптеген игілікті шараларды жүзеге асырды. Қала бюджетінің жалпы кірістері артып, жаңа инфрақұры­лымдық жүйелер құрылысы кең қанат жайды. Қаланың 2025 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілгені де осы кезең. Ойлап қарасақ, қала құрылысын сол жағалауға көшіру туралы ойдың көтерілуі де сол уақытқа сәйкес келеді.

Мұрат Нәлқожаұлының қарымды қабілетінің, қажырлы еңбегінің ар­қасында 2011-2013 жылдары Қар­мақшы ауданының бюджеті, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артты. Инвестиция тарту, жол жөндеу, білім және денсаулық сақтау нысандарын жөндеу, елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету бо­йынша да келелі жұмыстар атқарылды.

Шиелі ауданының әкімі кезінде өнеркәсіп орындары, тау-кен өндірісі, кәсіпкерлік субъектілері, тұрғын үй, денсаулық сақтау, ауыл және мал шаруашылығы салаларына серпін берілді. Шиелінің шырайы кіріп, күйдірілген кірпіш өндіру зауыты, әк шығару зауыты, «Алтын-Мереке» демалыс кешенінің инвестициялық жобалары өмірге келді.

Қазыналы Қазалы ауданын бас­қарған кезеңде өңірдегі шаруа жайы, халықтың тыныс-тіршілігі оңалып, елдік мүдде жолында көптеген игі іс­тердің жүзеге асып жатқанын көпшілік көріп те, айтып та жүрді. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының арасын қосудың бастамашысы болды. Қаза­лының келбеті көріктеніп, ауылдардың өзінде еңселі нысан, әсем тұрғын үйлер бой көтерді. Ауыл шаруа­шы­лығын әртараптандыру, оған инвес­тиция тарту және шаруашылықтардың машина-трактор паркін жаңалаудағы бетбұрысты қадамдарға, спорт, өнер, білім денсаулық саласындағы, жас­тарды қолдаудағы жақсы жетістіктерге де куә болдық.

Сырдария ауданын басқарған (2021-2023 жылдар) кезде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында барлық сала бойынша оң динамика қалыптасты. Аудан бюджетінің төрт­тен үші әлеуметтік салаға бағытталды. Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауыл­дарының тозығы жеткен электр желілері жаңартылды. Елді мекен­дердің ішкі көшелері мен аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуде, электр желілері, ауызсу жүйелері, спорт және денсаулық сақтау нысандарын жаңғыртуда да қол жеткен жетістіктері аз емес.

АҚШ, Әзербайжан, Моңғолия, Қыр­ғызстан және Тәжікстанға ақ күріш экспорттаған аудан ауыл шаруа­шылығы саласында облыстағы «Үздік аудан» атанды.

«Етікті нәр сақтайды, ерді ар сақтайды» дейді қария сөз. Әкесінен көрген өнеге мен анасынан алған тәлім-тәрбиенің арқасында әркез абырой биігінен көрініп жүр. Бұған қоса, оның өмірлік ұстазы, дұрыс жол көрсете білген марқұм Бердібек Машбекұлындай біртуар мемлекетшіл дара тұлға болды. Сол кісінің ақыл-кеңесін алып, тәлімін көрді. Ондай таутұлғалы азаматтың ықыласына бөленудің өзі Мұқаңа берген тағ­дырдың сыйы деп ойлаймын.

Қазіргі таңда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы ретінде республика бюд­жетінің тиімді қалыптасуына өзінің елеулі үлесін қосып келеді. Бұл тұр­ғыда Сыр өңірінің де мүддесін назарынан тыс қалдырмайды. Кәсіби экономист санатында мойындалған ол Парламент мінберінен бірнеше салаға қатысты түйткілді мәселелерді талдап-таразылап, батыл көтеріп жүр. Ойлы оқырман Мұрат Нәлқожаұлының білімпаздығын мен айтпай-ақ, БАҚ-қа берген сұхбаттарынан, жариялаған мақалаларынан, Парламент мінберінен көтерген мәселелерінен байқай алады.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек, бұған ұйқасты өлең, сөз керек» дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы. Қазіргі таңда қоғамның ой-пікірі мен көзқарасы, таным-түсініктері, талап-тілектері тұр­мыстық деңгейден асып, мемле­кеттік деңгейге көтеріліп келе жат­қандай. Егер осы ой-сананың эво­люция­лық сапалы өзгеріске ұшырауын азаматтарымыздың өз тағдырына және мемлекет ісіне алаңдай бастауының көрінісі ретінде бағаласақ, Парламент депутаттарына артылатын қоғам жүгі де ауырлай түседі. Аталған жауап­кершілік азаматтар қатарынан да, мемлекеттік қызметкерлерден де шы­найы патриоттардың шығуына түрткі болуда. Мұрат Нәлқожаұлын осы сапаға бірден-бір сай келетін саясаткер, кәсіби экономист, мемлекетшіл тұлға деп санаймын. Біз жоғарыда ұлты­мыздан шыққан ұлы ойшылдардың бірі Шәкәрімді бекерден-бекер тілге тиек етіп отырған жоқпыз. Ол – өмірдің мәнін өз мақсат-мұраты үшін емес, жеке адам арқылы бүкіл қоғамды өзгертуді мұрат тұтты. Осы қисынмен қарағанда Мұқаңды өмірдің мәнін тапқан тұлғалы азамат деп танимын.

Халқымыздың «Жақсының жақ­сы­лығын айт, нұры тасысын» деген мақалын «Парасат», «Құрмет» ор­ден­дерінің иегері, Қармақшы, Шиелі ау­дан­дарының, Қызылорда қаласы­ның құр­метті азаматы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М. Н. Ергеш­баев­­тың асқаралы 60 жа­сын дәріптеуде қолданғанымыз әбден орынды болар.

Жер жүзіндегі кез келген ел қараңғыдан жарыққа, бейнеттен зей­нетке, таршылықтан бақуаттылыққа тек қана «бақытты өмір сүруге лайықпыз» деген қатаң қағидамен ғана өтсе керек. Ал оны жүзеге асыруға тірек болатын рухани күш иелерінің бірі Мұрат Нәлқожаұлындай бүтін де бітім тұлғалар.

 Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің басқарма төрағасы-ректоры