Азамат – елге қалқан, ұрпаққа үлгі

381

0

Азамат – елге қалқан, ұрпаққа үлгі Астана күніне орай Тұңғыш Президент саябағында облыстық патриоттар форумы өтті. Мемлекет мерейі, Отан абыройымен өз мақсатын ұштастырған, ел дегенде елгезек, еңбек десе жанын салатын бірқатар қызылордалықтар марапатқа ие болды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Астана – мәңгілік ел мәртебесі»   атты  форумда қаты­сушыларды Астана күнімен құттықтады.                    

– Қазақ тарихында ормандай халқына қорған болсам, алға жетелеп, арманына жеткізсем, тәуелсіз ел қылып, биікке көтерсем деген тұлғалар аз болмаған. Қасымханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолы, әз-Тәукенің Жеті жарғысы содан қалған. Абылай ханның арпалысы, Әбілқайыр ханның жанталасы қазақты қалай да қазақ қылсам деген арманнан туған. Ал, сол бабалардың арманын ас­қақ, мақсатын мұрат еткен бүгінгі Көшбасшысымыз – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болды. Біз енді Елбасымызды сасқанға сая десек те, асқанға тосқан десек те, ұлтқа ұран, ұрпаққа ұстаз десек те, елдің иесі, жердің киесі деп қанша айтсақ та артық болмайды! Өйткені, бүгінгі Қазақстан – болашағы бекем, келешегі кемел ел! –  деді аймақ басшысы.

Иә, ұлт көшбасшысының ойлайтыны – халқының болашағы, көздейтіні – Алаштың мүддесі. Ал ел абыройын өз абыройынан кем көрмейтін әрбір қазақстандық елге тірек, азамат деген атқа лайық.

– Қазақта азамат деген қастерлі ұғым бар. Азаматтық тек қана төлқұжатпен айқындалмайды.          Азаматтық шынайы ісіңмен, Отанға деген сүйіспеншілігіңмен, елге адал қызметіңмен өлшенеді. Ал патриот болу азаматтықтың ең биі­гі, – деген облыс әкімі әр саладағы белсенді, өз ісінің кәсіби шеберлерін марапаттады.       

Қоғамда әлсіздің үніне, шарасыздың шырылына құлақ тосып,  табан астында көмек көрсету – азаматтың ісі. Осы атқа лайық ішкі істер департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инс­пекторы Бауыржан Нұржанов марапат биігінен көрінді. Бауыржан өткен жылы қаладағы көпқабатты үйде тұтанған өрт кезінде 5 және 6 жастағы қос бүлдіршінді оттан аман алып қалған.

– Менің бұл ісім ерлік емес. Бұл ер-азаматтың міндеті, – деді ол. Иә, бұл елде Бауыржандай азаматтар жалғыз емес. №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Ермекбек Пазлиев пен  Қазалы ауданындағы №266 мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Мейрамбек Жақыпов та тұрғындарды өрттен құтқаруға тайсалмаған ер жүрек азаматтар.  Ал Аружан Бисенбаеваның үйлерінде өрт шыққан сәтте жанында сіңлісі және екі інісі болған. 11 жаста болғанына қарамастан, Аружан бауыр­ларын терезе арқылы сыртқа шығарып,  өмірлерін сақтап қалған.

«Жылы жүрек жастар» еріктілер тобының жетекшісі Сағатбек Сиюовты қала халқы жақсы таниды. Бірнеше жыл бұрынғы көлік апатынан кейін, мүгедектер арбасымен жүретін Сағат­бек – қайырымдылық шаралардың ұйымдастырушысы, «Фристайл» сана­тында ҚР чемпионы, «Сыр үміті» сый­лығының иегері.

Сондай-ақ, патриот азаматтар қатарын «Ерлік» үйлестіру кеңесінің және «Ауғанс­тан соғысы ардагерлері ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, бірнеше әскери жобалардың авторы Қайраддин Баймаханов толықтырды.

Клиникалық өлім жағдайындағы, ауыр кома үстіндегі, жол жарақаттары, суық қарумен өлім жағдайларында ажалмен арпалысқан науқастарды аман алып қалған батыл дәрігер София Аужарованың сөзі де, емі де шипалы. 25 жылдық еңбек өтілі бар София Тұрсынбайқызымен бірге туған өлке патриоттары қатарында «Жомарт» мейірімділік үйі еріктілер тобының жетекшісі, облыстық Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Майя Наримованы, «Кызылординские вести» газетінің тілшісі, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастары арасында өткізілген «Тіл – парасат» байқауының І орын иегері Кирилл Денисовті,  каратэ киокушинкайдан Әлем және Азия чемпионы Айбек Шаукиловті, шахматтан Әлем чемпионы, ФИДЕ шебері Назерке Нұрғалиды атап өтуге болады. Оларға берілер анықтама ортақ: табанды, тиянақты, тегеурінді, өнегелі, өрісті жандар.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<